Тасқыннан зардап шеккен отбасыға пәтер алып берген кәсіпкер дені сау адам әркімнен тілене бермей әрекет етсін деді

Бұл жолы да ол Фейсбукте әсерлі жазбасын жариялады, деп хабарлайды Caravan.kz. Онда Қайрат Құдайберген екінші топтағы мүгедек бола тұра бизнеспен айналысып, өзін өзі асырап, тіпті жұртқа жұмыс беріп отырған Анар Лепесованы басқаларға үлгі ретінде көрсетіпті. Сөйтіп, әрекет болса бәрі болатынына меңзеп отыр.

"Аяқ-қолы бүтін, денсаулығында еш кінәрат жоқ кейбір адамдар жолым болмай жүр деп жыланып отырады. Ешкім көмектеспейді, ешкім жұмысқа орналастырмайды, ешкім көлік, пәтер алып бермейді, жол шығынын төлеп бермейді деп жатады" дейді кәсіпкер.

Сондай-ақ, ол 4 жасында екінші деңгейлі склеродермия дертіне шалдыққан Анарға жұрттың көмектесуін сұраған.

"Бұл - ішкі ағзаға зақым келтіретін буын ауруы. Оның қолын ұстап көрген адам склеродермияның не екенін бірден түсінеді. Бірақ ол (Анар Лепесова - ред.) ешқашан берілмейді! Осы парақшамды пайдалана отырып, бұл қызға көмеутесулеріңізді сұраймын. Мүмкіндіктеріңіз болса, Анардың қолдан жасаған, сапасы мен дизайны керемет қуыршақтарын сатып алыңыздаршы" деп жазады Қайрат Құдайберген.


Естеріңізге салсақ, кәсіпкер бірнеше досымен бірлесіп, Ақтөбедегі су тасқыны салдарынан үйінен айырылып жылаған қыздың отбасына сол қаладан үш бөлмелі жаңа пәтер алып берген болатын. Олар тіпті толық бітпеген баспананы жасатып, тасқыннан зардап шеккен отбасыға жиһаз және техника алып беретінін айтты.