Қазақ қадым заманнан бері қариясын қадірлеген, алпысқа келгеннен ақыл сұраған халық еді. Алайда жастарға жол сілтеп, елге тұтқа болуы тиіс қарттарымыз қазаққа қарсы қызмет атқаруда. Біздің де көпке топырақ шашқымыз келмейді. Бірақ біз көрген қарттардың көбі жастарға мазақ болып отыр. Біз бұл жерде ел алдында, биік мінберде жүрген элита өкілдері жайлы айтып отырмыз.
Біздің сайтта жақында ғана «Мәжіліс пен Сенаттағы 155 депутаттың 45-і зейнеткер» деген мақала жарияланған еді. Оны орыстілді БАҚ та іліп әкетіп, аударып басты. Бақсақ осы зейнеткер көкелеріміздің көбі әлі комсомол екен. Бүгінгі билік иелерінің бетін тырнасаң комсомол мен коммунистерді көресің деген мақал күлкі емес қайғы шақырып тұр. Тәуелсіз елдің төрінде құнжиып отырып, елдің ең майлы жілігін мүжіп отырып өзге өкіметтің жырын жырлау нағыз сатқындық дер едім. Дәл мынадай ақсақалдарды көзімен көрсе атақты Мұқаң «Азайып бара жатыр қариялар» деп аһ ұрмас еді.
Біздің не жайлы айтып отырғанымызды сіздің де ішіңіз сезіп отыр. Мәңгілік ел болуды мақсат тұтатын Қазақстанда тұрып есімін ел ұмыта бастаған Кеңес одағын сағынушыларды айтып отырмыз. Өткен өмірге сағыныштары жетелеп, ескі күннің елесіне есі кетіп жұргендер өзге емес тәуелсіз қазақ билігінің бір-бір биігінде отырғандар. Қарапайым халықты білмеймін, Қазақстан осы шенділерді ештеңеден кем-қор қылған жоқ. Ішкені алдында, ішпегені артында. Түк тындырмаса да, креслода көздері кілтиіп отырғаны үшін миллиондап жалақы төлеп отыр. Ал бұлар болса "комсомол бізді бақты-қақты" деп ХХ ғасырға қарап мөңірейді. Комсомол кездерін өз өмірлерінің алтын белесіне бағалайды. Сол күнімізді еске алып алтын дәуірімізге қайта оралдық деп мақтанып жүр өздері. Халықты сыйламағандарды біз де сыйлауға міндетті емеспіз. Бұндайларды қазақ "тарысы піскен үйдің тауығы" дейді.
Тәуелсіздіктің туы тігілген, желтоқсаншы жастардың қаны төгілген Алматының төрінде қызыл империяның қынсыз қылышы комсомол ұйымының 100 жылдығын дүркіретіп тойлағаны тәуелсіз елдің сүйегіне таңба! Өздері тойлағанымен қоймай, мереке жұмысына егемен елдің жастарын да жегуде. Абай атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық Опера және балет театрында бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағының 100 жылдығына орай өткен мерекелік концертте комсомолдың туын Қазақстан әскерлеріне көтертіп қойғанын айтып отырмыз. Сонда біздің сарбаздарымыз қай елдің туын қорғауы керек? Тәуелсіз Қазақстанның ба, әлде Кеңес одағының ба?! Дәл осы кеште үлкен сахнаның төрінде күн көсем – Лениннің бейнесі тұрды. Сарбаздарымыз Кеңес дәуірінің туын көтеріп, дәл төбемізде күн көсемнің бейнесі тұрса біз қалай күйінбейміз. Айналайын, аталар, комсомол сіздер үшін қадірлі болғанымен, тәуелсіз елдің жастары үшін көк тиын құны жоқ. Сол үшін егемен елдің сарбаздарын сарыала туларыңызды ұстатып қорламаңыздар!
Енді Алматыда өткен дүбірлі тойға кімдердің қатысқанын айта кетейік (біз өткен жолғы "Жат идеологияны дәріптеу - тәуелсіздікке қауіп" атты мақаламызда олардың атын атап, түсін түстейтінімізді айтқан едік). Аталған жиында құрметті қонақтар қатарынан Қазақстан коммунистік халық партиясы орталық комитетінің хатшысы, мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметов, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов, депутаттар Қуаншы Сұлтанов пен Серік Сейдуманов, сенаторлар Бақытжан Жұмағұлов, Бірғаным Әйтімова сынды кісілер орын тапты. Қарап отырсаңыз бәрі де ат-атағын ат көтере алмайтын шенді кісілер. Тәуелсіз Қазақстан елі үшін, халқы үшін қалтқысыз қызмет істеуі тиіс мемлекеттік қызметкерлер. Ал атқарып жүрген қызметтері мынау. Тіпті, осы әрекеттерінің дұрыс екеніне жүз пайыз сенімді. Сырдың суы сирағынан келмейтін мырзалар елдің сынын саусағының ұшымен шертіп жіберуге дайын. Сөзіміздің дәлелі ретінде аты аталған алпауыттардың бір-екі ауыз пікірін бере кетейік:
- Менің 15 жыл өмірім тікелей комсомолға байланысты. Сондықтан мен комсомолдағы қызметім үшін ұялатын, қысылатын, қызаратын еш нәрсем жоқ, керісінше, өстім өз қаталарымды, адамдарды жетелей жүріп, өзім үйрендім. Кеңес одағының тұсында ашаршылық болды. Оған комсомол кінәлі емес. Олар жас балалар сіздер сияқты. Әке шешелеріңіздей адамдар тапсырма берді, заман солай болды. сондықтан тарихты беталды күстаналай беруге болмайды,- дейді Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов.
- Комсомол түгілі қазіргі коммунистік партия болсақ та советтік компартияның ісіне біз де жауап бермейміз. Комсомол ішінде саяси қуғын-сүргіндерге араласқандар жоқ. Әсіресе, 1960 жылдардан бері бұрынғыдай әсіреқызыл науқандар болған жоқ. Комсомол қатарында Отанымызға адал қызмет еткендер көп. Бұл - адал адамдардың жастық шағын еске алу жиыны, - дейді мәжілістегі Қазақстан халықтық коммунистік партия фракциясының мүшесі Жамбыл Ахметбеков.
Міне, айтар уәждері осы. Тіпті әдетте бастары бір қазанда қайнамайтын әр топтың, әр партияның өкілдері де осы той қарсаңында бал жаласа қалды. Осыдан-ақ, біздің элита деп, ел ағасы деп сеніп жүргендердің жүрек түкпірінде жатқан ең аяулы сезімдері Совет одағына арналатынын аңғаруға болады. Миын Мәскеу улап тастаған ағалар, комсомол кінәсіз деп шыр-пыр болатындай ешкім де күлі көкке ұшқан комсомолыңызды сотқа тарқалы жатқан жоқ. Тәуелсіз елде сол бір кер заманның күйі шертілмесе екен дейді. Ал сіздер Кеңес одағын сағынышпен еске алып, махаббатпен тойлап жүрсіздер. Осы сатқын бейнелеріңізбен жастарға қалай ақыл айтасыздар?! Халықты қырған комсомол емес, Кеңес одағы деп отырсыздар. Комсомолды ақтау, Кеңес үкіметін ақтау деген сөз. Сіздер олай құрттың атын малта қойып, халықты алжастырмаңыздар.
Бүгін қазақ жастары кімге сенерін білмейді. Біреуі - әсіре діншіл, арабшыл. Біреуі - орысшыл мәңгүрт. Біреуі - азған, біреуі - тозған. Осының бәріне кім кінәлі? Әрине Отанын, ұлтын сүймейтін алпысқа келгенше ақыл тісі шықпаған ағалар кінәлі. Білдей сенатор, депутаттардың сөзін тыңдадық. Милары кеңестік ұғымға уланғаны сонша өз айтқандарынан қайтпайды. Бұл осы күнгі діни радикалдардың әрекетіне ұқсайды. Өз айтқаны ғана жөн, басқалар адасушы. Оларға мың жерден дәлел келтірсең де бәрі бір. Бүкіл ел қарсы шығып, наразылық танытып жатса да 100 жылдықты ұйымдастырушылар сөз ұғар емес. Алматыдағыдай мерекелік шара енді Астанада 29 қазан күні өткізілмек көрінеді. Міне осындай коммунизмге уланған комсомолдар басқарған елде діни «измдерге» уланған көрсоқырлар шықпағанда қайтсін.
Енді Қазақстан коммунистік халық партиясы Астана қалалық орталық комитетінің бірінші хатшысы Марат Әубәкіровтың пікіріне құлақ түрейік:
– Кешегі екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеттік қой. Сол жетістікке коммунистік уақытта қол жеткіздік. Комсомол болу, компартияның мүшесі болу – тарих қой. Неге оны тойламауымыз керек? Ал тарихтың орыны бөлек. Қазір халық қарсы шығып жатыр деп отырсыңдар, ал 50 жылдан кейін коммунистік кезең қайта орнап халықтың жағдайын жасап тастайтын шығар. Кім біледі?! Жалпы, басқалар қарсы шығып жатыр деген сөзбен келіспеймін. Ары кетсе бір-екі адам айтқан болар. Керісінше осы бастамаға үн қосып, мен де барғым келеді, мынадай идеям бар деп келіп жатқандар баршылық, - дейді Марат Әубәкіров.
Міне, нағыз айтса сөз, ұрса таяқ өтпейтін тоңмойын комсомол. Дүинежүзілік соғыста жеңіске жеттік дейді, сол кезде кім үшін соғысқанын неге айтпайды. Комсомол тойын тойлауға бір-екі адам ғана қарсы шығып жатыр дегені күннің нұрын алақанмен жауып тұрып өтірік айту. Осы кісілер бабалар алдында күнәлі, балалар алдында кінәлі болмақ. Бабасын қырған қызыл империяны баласына мәжбүрлеп таңғаны үшін. Биыл 100 жылдығы тойланбағанда комсомол дегеннің не екенін көп жас білмес де еді. Ал бұлар дабыралы түрде еске алып, унивеситеттерде, мектептерде жастарға лекция оқып, көне комсомолдарды шақырып естелік айтқызуда. Сонда көздегендері не? Тәуелсіздіктің таза ауасымен тыныстауы тиіс жас ұрпақтың санасын улау ма? Біздің ойымызша, оқу орындарында комсомолды дәріптеу елдің егемендігін мойындамау! Бұны аз десеңіз, Марат мырза «50 жылдан кейін коммунистік кезең қайта орнап халықтың жағдайын жасап тастайтын шығар» дейді. Осы сөзінен-ақ косомолдардың Кеңес кезеңін сағынып қана қоймай, ерекше аңсайтынын да аңғаруға болады.
Алматыда дабыралы еске алу концертін өткізді деп жатырмыз. Қызықтың көкесі алда көрінеді. Жоғарыда 29 қазан күні Астанада дәл осындай мерекелік кеш өтетінін айттық. Одан бөлек облыстарда жатқан косомолдар да «айтулы» мерекелерін тойлағысы келіп білек сыбанып отырған көрінеді. Әсіресе, Шығыс Қазақстанның комсомолдары көптен бері қызу дайындық үстінде. 29 қазан - комсомолдың құрылған күнін асыға күтіп жүр. Алаш қайраткерлерінің алтын ұясы болған Алтай өңірі қай мерекені тойлап, кімді ұлықтау керек екенін ұмытқан көрінеді. Алайда, билік тізгіні кімнің қолында тұрса, соның бабасын еске алатын заман болып тұрғаны шындық.
Бір қызығы, Алматыда өткен концертке көзге түскен кісілердің арасында кешегі комсомол – бүгінгі министрлер де болды. Бақытжан Жұмағұлов, Бірғаным Әйтімова екеуі де бір кездері ҚР Білім және ғылым министрлігін басқарған. Кеңес одағының шекпенінен шыққан, ширек ғасыр өтсе де тәуелсіз ел екенімізді есіне сақтай алмайтын қатқан комсомолдар қалай елдің білім саласын басқарған. Елбасы сенген елдің ертеңі – жастарымызды кімге сеніп тапсырғанбыз. Қасқырға қой бақтыру деген осындай-ақ болар.
Қысқасы, кез-келген тәуелсіз елде басқа бір үкіметтің идеологиясын, саясатын дәріптеу сол елдің егемендігіне қауіп төндірері сөзсіз. Осыны біле тұра білмеске салып, бүкіл елде басқа үкіметтің тойын тойлап жүргендерге тоқтау қою керек. Ұлттық тамырымызға қан жүгіртуді көздеген Елбасының «Рухани жаңғыру» атты бастамасы қайда қалды? Мемлекет басшысының ұстанған саясатын орындау үшін арбаға жегілетін ең маңызды қызметкерлер осы кісілер емес пе? Ал олар «Рухани жаңғыру» идеясын белден басып, отарлаушы елдің саясатын уағыздап жүр.
Қуаныш Қаппас
Abai.kz