Тәуелсіз журналист Ресей билігіне Санкт-Петербургтегі жарылысқа қатысты ыңғайсыз сұрақтар қойды

Журналист мұнысын өзінің жеке сайтына жариялаған.

Андрей Шипилов сұрақтарды алдымен өзінің әріптестеріне қойған. Оннан аса адамның өмірін жалмаған Питердегі жарылыстан бері біраз уақыт өтсе де, бұл оқиға төңірегіндегі өтіріктің тоқтамай жатқанын айтады ол.

«Қымбатты Ресей БАҚ-тары, сіздер жарылыс болған сәтте оны Питердегі жерасты жолының екі жерінде болды дедіңіздер. Жарты сағат өткен соң ақпарат өзгеріп шыға келді. Жарылыс екеу емес, жалғыз екен. Жарайды, ондай-ондай болады! Бірақ неге жарияланып қоған материалдың мәтінін қайта түзедіңіздер?» дейді журналист.

Ал бұдан кейінгі билікке қойған сұрақтарын қысқаша тізіп шыққанда былай:

  • Жарылысты кім жасағаны  анықталды. Ол бомба жасырылған өрт сөндіргіш құралды басқа станцияға қалдырып кетіпті. Көп ұзамай сол құралдан лаңкестің ДНК-сы табыла қойды. Бұны қалай үлгердіңіздер?
  • Жарайды, Ресей ғылымы керемет дамыған дейік. Бірақ жарылыстан кейін адам денесі ұсақ бөлшектерге айналып кетеді ғой. Сонда ДНК-ны бірнеше сағаттың ішінде қалай саралай қойдыңыздар?
  • Сол бөлшекке төлқұжаттың көшірмесі жапсырылған ба екен? Лаңкестің аты-жөнін қайдан білдіңіздер? А, оны қырғыздың арнайы қызметтері хабарлаған екен ғой! Түсінікті, сіздер оларға ДНК үлгісін бердіңіздер, ал олар сіздерге «бұл 1995 жылы туылған Ресей азаматы Акбаржон Жалилов екен» деді. Солай ма?

  • Мен Мәскеуде жүріп (атам заманнан мәскеулікпін), метроға қолына өрт сөндіргіш ұстап алып кетіп бара жатқан адамды бірде-бір рет көрмеппін. Ал көрсем, ондай адамға назар аудармай өтпес едім. Басқалар да байқар еді. Әлде ол сол өрт сөндіргіш арқылы жасырынып өткен бе?
  • Оқиға орнына бір сағатқа сәл жетпей Питердің вице-губернаторы Альбин, артынан Губернатор Полтавченко келді. Қараңғы түскенде Путиннің өзі де жетті. Бәрінің де оққағарлары жоқ деуге болады. Ал бұл жерде әлі де жарылмаған бомбалар болуы, көпшіліктің арасында қолында тапаншасы бар  лаңкестер жүруі мүмкін ғой. Бұлар болса, әжетхананың өзіне күзетсіз бармайтын адамдар. Сонда осынау қауіпті жер олар үшін қауіпсіз деген сенім қайдан келген?