Бұл туралы Baq.kz Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Демалыс саябағының құрылысы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылатын жобалар тізіміне енді. Саябақты абаттандыру және көгалдандыру бірнеше айға созылды, оны Қазақстанның Тәуелсіздік күні мерекесіне орай қолданысқа берді. Жоба құны жергілікті мұнай компаниясы есебінен 72 миллион теңгені құрады.
«Доссор кенті еліміздегі мұнай саласы тарихының бастауы болғандықтан біз игі істен шет қалмадық. Жергілікті тұрғындар демалатын орын болмағандықтан осындай саябақ салып, барлық ережелерге сай абаттандыруды жөн көрдік», - дейді компания өкілі Рашид Отаров.
Бүгінгі күні Атырау облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 108 жоба, қосымша жобалар мен іс-шаралар жүзеге асуда. Оның ішінде құны 4 млрд 360 млн теңгені құрайтын 18 жобаны жергілікті демеушілер қаржыландырады.
«2017 жылғы 1 желтоқсандағы есеп бойынша жалпы құны 4 млрд 391 млн теңгені құрайтын 69 жоба жүзеге асырылды. Құны 4 млрд 254 млн теңгені құрайтын 13 жоба демеушілер есебінен жүзеге асты», - деп хабарлады облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Ринат Құлмағамбетов.