Қуат - мектеп бітірген соң заңгер мамандығы бойынша тегін оқиды. Байқау барысында ол эссе жазып, өзгелерден ой-өрісінің кеңдігін дәлелдеген. Жасөспірім әлемнің назары ауған ЭКСПО көрмесін қазақ жерінде қайтсек абыройлы өткіземіз деген тақырыпта ізденіпті.
Қуат Әбдеш, жеңімпаз оқушы:
-Әуелі ЭКСПО-ның Астанада өткізілуі туралы айтқан едім. Оны мақтан тұтқан едім. Содан соң Қазақстанның бүкіл әлемнің энергетикаға, экологияға, орта бизнеске әсерін айтқан едім. Қандай мүмкіндіктер күтуде, соны айтқан едім.
Жеңімпаздар мектеп қабырғасын тәмамдағаннан кейін Елордаға келіп, тегін білім алады. Олардың алаңсыз оқуына осы заң университеті жағдай жасамақ.
Жәния Құсайынова, Қазақ гуманитарлық заң университетінің кафедра меңгерушісі:
-Үш мектепте оннан астам мамандық бар, соған 22 тегін грант бар. 22 бала тегін оқиды біздің университетте,Әрине, олар ЕНТ-ні қалай тапсырады ол да әсер етеді.
«Егемен Қазақстан» байқауы ел ішінде жүрген білімді жастарды екі ай бойы іздепті. Басты талап – үміткер қазақ тарихынан терең хабардар болуы қажет және ана тілімізде еркін сөйлеуі тиіс. Мыңға жуық ұл-қыздың жеке жұмысын қабылдап, қарым-қабілетін байқаған қазылар ойы жүйрік оқушыны табу да оңайға соқпағанын айтады.
Жандарбек Мәлібеков, қазылар алқасының мүшесі:
-Қазіргі балалардың көбісі интернетпен, компьютермен шұғылданып кетті де, тікелей кітап оқу, тарих, көркем әдебиетті оқымағаны көрініп тұрады. Осы мәселеге көңіл бөлу керек. Олардың түсіну деңгейі, қазақи түсіну деңгейі төмендеу.
Енді топ жарғандар халқымыздың өткені мен бүгінін Қазақ гуманитарлық заң университетінде терең зерттеп, білімдерін жетілдіретін болады. Айта кету керек, бұл - Абылайханның 300 жылдығы мен Тәуелсіздік мерекесіне орай жастарға қолдау көрсетіп отырған бірден бір оқу орны.