”Таза қазақ мектебіне беремін”: Баян Алагөзова жаңа туған сәбилерін не себепті қазақша оқытпақ

Ол “Dina show” бағдарламасына берген сұхбатында екі айлық Алиса және Алма есімді қыздарын қазақ мектебіне беретінін айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Продюсер Дина Төлепбергеннің “Қазіргі таңда әр жұма сайын балалар мектепке қазақы нақыштағы киім киіп барады. Бұл бастаманы қолдайсыз ба?” деген сұрағына жауап берді.

”Әрине, балалардың мектепке қазақы нақыштағы киім кигенін қолдаймын. Мен 7 жылдан кейін міндетті түрде қыздарымды қазақ мектебіне беремін. Үлкен қыздарымды қазақ сыныбына бергем. Бірақ, кішкентай қыздарымды таза қазақ мектебіне беремін”, - дейді ол.

Продюсер сұхбат барысында отбасылық дәстүрлері туралы да сөз қозғады.

”Әр жұма сайын біз үйде дастархан жайып, ата-бабаларымызды еске алып, бауырсақ, шелпек пісіріп, иіс шығарып, әруақтардың рухына бағыштаймыз”, - дейді Баян Мақсатқызы.