Тәжік пен өзбекті де солтүстікке көшіру керек

Оңтүстіктен солтүстікке көшіру тек қазаққа ғана қатысты болмауы тиіс. Әсіресе, өзбекке қатысты болу керек. Бұл туралы Әзімбай Ғали facebook-тегі өз парақшасында жазды, деп хабарлайды Caravan.kz.

«Себебі, Қырғызстанда және Тәжікстанда өзбек-қырғыз қақтығыстары болды. Сол сияқты қақтығыстар тәжік-өзбек арасында Тәжікстанның Ленинабад облысында болған. Қазақстанның оңтүстік өлкесіндегі жұмыссыздық, этнос аралық бейбіт қатынастарды бұзуы ықтимал. Ал, оңтүстік өлкелерден өзбек жастарының солтүстікке көшуі олардың кәсіби және әлеуметтік өсуіне негіз болады», деп ой бөліседі саясаттанушы.

Жалпы, автор еліміздегі ұлтаралық некеге тоқталыпты. Оның пайымдауынша, қазақта өзге ұлттармен некелесу сирек кездесетін құбылыс.

«Интерэтникалық некелер 8-12% болса, аз тараған интерэтникалық некелер деп есептеледі. Бүгінгі күні қазақ арасында интерэтникалық некелер көптеген әлеуметтанушылық зерттеулерде 6-8% аспайды», деп жазады ол.

«Сол некелердің жартысы қазақтар мен ұйғырлар, қазақтар мен өзбектер арасындағы некелер. Ал екінші бөлігі республиканың европалық этностарымен жасалған некелер. Орыс пен қазақ некелерінің балалары көп жағдайда қазақ тілінен айырылады, бірақ 60% қазақ болып жазылады. Ал кәріс пен орыстың өзара некелері 80% жеткен. Менің болжауымша, қазақтың интерэтникалық некелері сәл көтерілуі мүмкін»,-деген өз болжамын жасапты.

Әйтседе, саясаттанушының жазуынша алдағы жылдары оң өзгерістер орын алады. Әсіресе, қазақтанған ұйғырлар мен қазақтанған өзбектер көбейеді екен. Мәселен, қазір орыс 20% және орыс жастарының азаюы, олармен потенциалдық интерэтникалық некелер саны мен үлесін азайта береді. Ал ұйғыр мен өзбек жастары абсолюттік саны мен үлесі көтеріледі, яғни ұлтаралық некелер өсетін көрінеді.


Сондай-ақ Әзімбай Ғали Қазақстанның сырт бейнесінің де өзгеріп келе жатқанын айтады. Оның пайымдауынша, бұрын Қазақстан орыс тілді, орыс бейнелі болса, енді қазақ тілді қазақ түрлі, ал кейде ортаазиялық түрде болады.