Тәжікстанда "Достық-2008" арнайы операциясының қорытындысы шығарылды

Тәжікстанның шекара әскерінің баспасөз орталығының басшысы подполковник Хушнуд Рахматуллаевтың хабарлауынша, аталмыш операцияның басты мақсаты Достастық аумағына заңсыз мигранттардың, лаңкестік топтардың енуінің, қару-жарақтың және есірткі заттарының заңсыз айналымының жолын кесу болып табылады.

"Операция кезінде Тәжікстан шекарашылары мемлекеттік шекараны бұзудың 4 оқиғасының жолын кесіп, 3 контрабандашыны жойып, біреуін жаралап, төртеуін тұтқындады", - деп атап көрсетті Х. Рахматуллаев.

Оның айтуынша, операция кезінде сондай-ақ, мемлекеттік шекараны бұзудың 45 оқиғасы анықталып, 61 заң бұзушы қамауға алынып, заңсыз айналымнан 9 кг героин, 102 кг марихуана, 12 кг шикі апиын алынып, контрабандашылардан 16 оқпан, 22 снаряд, 24 жаяу әскерге қарсы мина және әртүрлі калибрдің 10 мың оғы тәркіленген.