Тәжікстанда Ресейдің Бірінші арнасының тілшісін өлтірді деген күдікпен екі адам тұтқындалды

Тергеу амалдарын мәскеулік әріптестердің қатысуымен Тәжікстанның ІІМ тергеушілері жүргізіп жатыр. Тұтқындалғандар қылмыстарын мойындаған. Олардың бірі - Душанбе қаласының тұрғыны да, екіншісі - Ходжент қаласының тұрғыны.

ІІМ сондай-ақ, қазіргі уақытта үшіншісін іздеу жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. Негізінен сол кісі өлтіруге күдікті болып отыр. Оның да бағыт-бағдары құқық қорғау органдарының қызметкерлерінде бар. Істің өзге де жайттары тергеуге байланысты әзірге жарияланбай отыр.

ІІМ сондай-ақ, 1992 жылғы Минск конвенциясына сілтеме жасай отырып, Тәжікстан азаматтары болып табылатын күдіктілерді Ресейдің тергеу органдарына беру мүмкіндігін де жоққа шығарды. Конвенцияға сәйкес шетел мемлекетінің аумағында қылмыс жасаған азаматтар өз елінің аумағында тұтқындалар болса, қылмыс жасаған елдің құқық қорғау органдарына тапсырылмайды. "Егер Ресей тілшісін өлтіруге қатысқан күдіктілердің кінәсі дәлелденетін болса, олар Тәжікстанның әділет органдары тарапынан сотталатын болады", - деп атап көрсетті Тәжікстан Республикасының ІІМ.

Естеріңізге сала кетсек, Бірінші арнаның Солтүстік Кавказдағы белгілі тілшісі И. Шурпаев 21 наурызға қараған түні Мәскеу қаласында өлтірілген болатын.