Бірақ, әрбір үшінші қария туысқаны бар болса да, тастандылар қатарында. Әрі бұл көрсеткіш жыл сайын артып келе жатқан көрінеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі rus.ozodlik.org-қа сілтеме жасап.
Кифое Раупова сексеннің сеңгіріне келген. Сегіз ай бұрын ол жолдасымен бірге жол апатына ұшыраған көрінеді. Соның салдарынан, оның сол қолы мен аяғы сынған. Ал күйеуі қаза тапқан. Оның өз баласы жоқ. Тек қана күйеуінің қызы бар екен. Өгей баласы қария ауруханадан шыққан соң, оны қарттар үйіне өткізген.
Бірақ кейуана интернаттан шығып, үйіне қайтып баратынына сенеді.
«Күйеуімнің қызы үйінде келіні мен оның бала-шағасы бар екенін айтты. Әрі қазір қыс айы болғандықтан, маған дұрыс күтім жасай алмайтынын жеткізді. Мен сол үшін осында келуге келісімімді бердім»,- дейді ол.
Бүгінде Тәжікстанда мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттарға арналған 6 интернат бар. Онда 1000-нан астам қарт өмір сүруде. Турсунзаде-Батош қаласындағы интернат солардың бірі. Олардың үштен екісінің туыстары жоқ, ал қалғандарын жақындары тастап кеткен. Қазір осындай жағдайлар көбейіп келеді. Қарттар туыстарына ренжімейді. Олар тек қана жақындарының анда-санда келіп тұрғандарын қалайды.
«Бұл жерде тұратын адамдарға барлық жағдай жасалған. Бірақ, оларға жақындарының жылуы жетіспейді. Тәжікстан халқы өздерінің ата-аналарына қамқорлық жасаса екен деп тілейміз», - дейді «Батош» мүгедектер мен қарттар интернат үйінің қызметкері Ахлиддин Ходжиев.
Тәжікстан Конституциясында балалары ата-анасы мен жақындары қартайған кезде қамқорлық көрсетуге міндетті деп жазылған. Жақында ата-анасын тастайтындарға қатысты заң күшейді. Енді олар үш жылға дейін түрмеге отыруы мүмкін. Осыдан кейін «Батоштағы» үш қартты отбасы қайтадан үйлерін алып кетті.
Дереккөзінің жазуынша, ата-анасын үйіне алып кеткендер мұндай жазадан құтылады. Бірақ, көбінесе қарттардың туыстары еңбек миграциясында немесе Тәжікстаннан көшіп кеткен болып шығады. Азамат соғысы жылдарынан кейін қарттар үйінің негізгі тұрғындары орыстілді қариялар болған. Олардың көбісінің балалары Ресейге кетіп, ата-аналарын ұмытқан. Ал қазір бұл интернатта тұрып жатқан қариялардың көбісі - жергілікті тұрғындар.
«Біздің мекемеде тұрақтаған қарттардың 50%-дан астамы тәжіктер, 40%-ы орыстар, қалған 10%-ы басқа ұлт өкілдері», - дейді Ахлиддин Ходжиев.