Орта Азия ақпарат агенттігінің хабарламасына сүйенсек, биылғы жылы бұл трасса қараша айының соңына дейін мереке және демалыс күндерінен басқа күндері жұмыс істейтін болады. Бұрнағы жылдары жаз-күз маусымында автожол айына 15 күннен істеп тұрған.
"Тәжік жағының дипломатиялық күш-жігерінің арқасында "Құлма - Қарасу" бақылау-өткізу пунктінің жұмыс режимін өзгерту туралы мәселе оң шешілді. Енді ол 7 ай көлемінде күнделікті жұмыс істейтін болады", - деді А. Тирандозов.
Оның айтуынша, Үрімжі қаласында өткен келіссөздерде Тәжікстан жағы Қытай, Қазақстан, Қырғызстан мен Пәкістан үкіметтері арасында транзиттік тасымал жөніндегі төрт жақты келісімге қосылуға ниет білдірді.
Автотрассаның жыл бойы қызмет етуі жайындағы мәселе қарастырылуда.
"Құлма" бақылау-өткізу пунктінің жыл бойы жұмыс істеу режимін енгізу туралы ұсынысты Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 2006 Шанхай қаласында Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтаомен өткен келіссөздер барысында енгізген болатын.
Мургаб - Құлма - Қарақорым автожолы Тәжікстан мен Қытай арасындағы келісімге сәйкес 2004 жылдың мамыр айынан бері жұмыс істеп тұр.