Тәжікстанның президенті сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне көліктері бар студенттердің кіріс көздерін анықтауды тапсырды

Мемлекет басшысы тексеру барысында алынған деректерді БАҚ арқылы жария етуге жарлық шығарды.

Естеріңізге сала кетейік, наурыздың аяғында Э. Рахмон елдің зиялыларымен кездесуінде түрлі рәсімдер мен той-томалақтар өткізуге кететін шығындарды қысқартуға, сонымен қатар мектептерде "Әліппе тойы" мен "Кәмелетке толу тойын" тойлауға тыйым салуға өкім шығарған. Өткен аптаның соңында күш құрылымдары мен білім министрлігінің басшыларымен кездесуінде осы мәселелер қайта талқыланды.

Мемлекет басшысының баспасөз қызметінен хабарлағандай, жиналыста ең алдымен мектептегі той-томалақтарды ұйымдастыру және оқушылар мен студенттердің жеке көліктер мен ұялы телефондар ұстауларына аса назар аударылды. "Мемлекет басшысы мектептерде "Әліппе тойы" мен "Кәмелетке толу тойы" іс-шараларын тек мектеп аясында және де осы мейрамға тікелей қатысы бар сыныптың оқушылары мен мұғалімдерінің қатысуымен, қосымша кештер мен бас қосуларсыз бір сағаттан артық емес уақытқа өткізуге нұсқау берді",- деп атап өтті баспасөз қызметіндегілер.

Сонымен қатар, студенттердің сабаққа жеке көліктерімен келуіне, ал жалпы білім беру мектептерінің оқушыларына ұялы телефон ұстауға мүлдем, ал студенттерге сабақ үстінде ұстауға қатаң тыйым салу қажет, деп атап көрсетілген.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті