Қайраққұм қаласының Адрасман кентінің 12 мен 16 жас аралығындағы 31 адамнан тұратын оқушылар тобы 26 сәуірде рауғаш жинау үшін тауға шығып адасып кетіп, Өзбекстан аумағына тап болған.
Балалар тұтқындалып, Өзбекстан комендатурасына жеткізіліп, алғашқы сұрақ алынғаннан кейін 25 бала босатылған. Шекара қызметі белгісіз себептермен алты оқушы әлі күнге ұсталып отырғанын атап өтті.
Тәжік оқушыларының тұтқындалғаны жөнінде олардың ата-аналарының көршілес мемлекет басшысы Ислам Кәрімовтың атына жазған хаттан белгілі болды. Тәжікстанның Сыртқы істер министрлігінің хабарламасына сүйенсек, ол хат Душанбедегі Өзбекстан елшілігіне берілген.
Хатта қайтып келген балалар тұтқындалғаннан кейін оларды жертөледе сусыз, тамақсыз ұстағандарын айтқаны атап көрсетілген.
"Әрқайсысын жеке-жеке бірнеше сағат бойы штаттағы екі адам сұраққа алған. Балаларды тыңшы және есірткі контрабандасына айыптаған. Құқық қорғау органдарында туысқандарының бар-жоқтығын сұрастырған. Шекара заставалары бастықтарының аты-жөндерін, олардың санын, олар тұратын жерлерде милицияда кім істейтінін, Адрасман кен байыту комбинатының басшылығы жайында, шахталар, комбинатта жұмыс істейтін мамандар саны және басқа да көптеген нәрселерді сұрастырған. Балалар ата-аналарымен кездескеннен кейін арықтағандары байқалды. Олардың кейбірінің беттері мен денелерінде соққы іздері бар", деп көрсетілген бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ата-аналар хатында.