Тәжин мен Бордюжа саяси ынтымақтастық мәселелерін талқылады

"Менің осы келуімнің екі мақсаты бар. Біріншісі - Қазақстанның жоғарғы басшылығына Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына қатысты жағдай туралы, Душанбе мен Минскіде ел президенттері қабылдаған шешімдердің орындалу барысы туралы, сондай-ақ, ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына дайындық туралы баяндау болып табылады. Қазір соңғысының мерзімі анықталып жатыр", - деді Н. Бордюжа тілшілерге берген сұхбатында.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшысы министр Тәжинмен өткен келіссөздер барысында ол саяси ынтымақтастыққа және "мемлекеттердің сыртқы саяси қызметтерін үйлестіру бойынша біздің қадамдарымызға" қатысты жағдай жөнінде баяндаған.

"Ал екінші мақсаты - ұйымға мүше мемлекеттердің есірткіге қарсы құрылымдарының басшыларының үйлестіру кеңесінің отырысына қатысу. Бұл отырыста сан салалы мәселелерді қарастыру жоспарланып отыр. Оның ішінде мен үшін ең қызықтылардың бірі - есірткіге қарсы ведомстволар ынтымақтастығының әрі қарайғы бағыты", - деді Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшысы.

Оның айтуынша, Ауғанстаннан келетін есірткі трафигінің жолын кесу бойынша "Арна" операциясына тұрақты жұмыс істеу сипатын беру күн тәртібінде тұр. Бұл ұдайы әрекет ететін Еуразия жобасы болмақ. Оның аясында Ауғанстаннан келетін есірткі тасымалын тежеу бойынша арнайы қызметтердің өзара іс-қимылдар деңгейі сапалық жағынан артады. Айтпақшы, бізді толғандырып отырған тек Ауғанстан есірткісі емес. Еуропадан келіп елдерімізді көктей өтіп, Қазақстан мен Тәжікстанға дейін жететін химиялық есірткі де осы отырыста талқыланатын тақырыптардың бірі болады", - деп сөзін қорытты Н. Бордюжа.

Бұрын хабарлағанымыздай, ертең 27 наурызда Астана қаласында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердің есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қоятын құзіретті орган басшыларының Үйлестіру кеңесінің отырысы өтеді.