Аталмыш сыйлық 2010 жылдан бері 27 наурыз -Халықаралық театр күніне орай, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының тағайындауымен беріліп келеді. Сыйлықтың мақсаты мен міндеті - халыққа мәдени-рухани қызмет етіп, Қазақстан сахна өнерінің дамуына зор үлес қосып жүрген әртістер қауымының арасынан үздіктерді таңдап, марапаттау, сонымен қатар, сахнагерлер ортасындағы бәсекелестік рухты арттырып, театр өнерінің өркендеуіне ықпал жасау болып табылады.
Жылдың ең үздік режиссерінен бастап, ең үздік жарық берушісіне дейін анықтайтын сыйлық осымен үшінші рет табысталып отыр. Бастапқы төрт аталымның қатары ұлғайып, оның саны бүгінде 7-ге жетті. Биылғы байқауға еліміздің мемлекеттік және жеке театрларынан 128 үміткер қатысты.
Әділ-қазылар алқасының ортақ шешімі бойынша, биыл ең үздік жыл актеры атағына Жезқазған облыстық Серәлі Қожамқұлов атындағы музыкалық-драма театрының актері (Қ.Ахметовтың «Ауған қасіреті» спектакліндегі Маратхан рөлі үшін) Әбілқасым Шоманұлы ие болды. Ал "Жыл актрисасы" атағына М.Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрының актрисасы Дәрия Жүсіп («Тендерге түскен келіншек» спектакліндегі Сағила рөлі үшін) лайық деп танылды. "Ең үздік жыл режиссері" атағына Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері Жанат Хаджиев (Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» қойылымы үшін) ие болды. "Жылдың опералық, балеттік партиясы" аталымына Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театрының солисті Ерлан Жандарбай лайық деп табылды. Ал, "Жылдың үздік театр суретшісі" атағына Қ.Жандарбеков атындағы қазақ музыкалық-драма театрының суретшісі Тоғайбек Байдарбеков ие болды. "Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін" сыйлығы Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының актері Кеңес Жұмабековке берілді. Өткен жылы тұңғыш рет тағайындалған "Қуыршақ театрының жыл өнерпазы" сыйлығы Мемлекеттік қуыршақ театрының актрисасы Ұлбосын Момынжановаға бұйырды.
Басты сыйлықтардан бөлек, "Жыл драматургы", "Жылдың озық театртанушылық мақаласы", "Жылдың озық театр менеджері", "Жылдың озық музыкалық көркемдеушісі", "Жылдың озық жарық берушісі" аталымдары бойынша бес ынталандыру сыйлығы табысталды.
"Еңлікгүл" сыйлығының барлық иегерлері арнайы дипломдармен, сонымен қатар, шараның Бас демеушісі "ҚазМұнайГаз" компаниясының ақшалай және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.