Тегін медициналық көмекті қаржыландыру көздері артады — вице-премьер

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты, деп жазды Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.

— Азаматтардың денсаулығын қорғау құқығы толық сақталады. Тегін медициналық көмекті қаржыландыру көздері артады. Бұрынғыдай тек мемлекеттік бюджетке ғана сүйенбей, бұл іске қайырымдылық қорлар, халықаралық ұйымдар және ірі компаниялар да атсалысады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің рөлі арта түспек. Кезең-кезеңімен енгізілетін бірыңғай базалық медициналық пакет арқылы азаматтар жоспарлы әрі күрделі медициналық қызметтердің басым бөлігіне осы сақтандыру есебінен қол жеткізе алады, — деді Аида Балаева.

Оның айтуынша, жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске, сондай-ақ медициналық сақтандыру және биологиялық қауіпсіздік салаларын реттейтін заңдарға тиісті өзгерістер енгізіледі.

— Осылайша мемлекет кепілдік берген медициналық көмектің көлемі сақталады. Ең бастысы, азаматтардың құқықтары сақталып қана қоймай, қосымша институционалдық тұрғыдан нығайтылады, — деді вице-премьер.