Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
"Адамдар неге діни радикалдық топтарға қосылып, өз өмірлерін құртады, жақындарының өмірін тозаққа айналдырады? Осы тұрғыдан жазылған көптеген мақалалар мен кітаптар, зерттеулер жетерлік. Түсінгенім мынау, жалпы аздаған себептерді қоспасақ, басым жағдайда Таяу Шығыстағы діни экстремизмдік топтарға үш түрлі жағыдайда барады екен. Олар мыналар. Ақша мен билік, байлық үшін. Бұл бірінші типтер. Екінші типтер расымен ол жақта әділетсіздік болып, мұсылмандарды қырып жатыр деуге сенетіндер. Оларды «жұмақ аңсаушылар» дейді. Ал үшінші типтер әйелдер үшін. Иә, кәдімгі әйелдер үшін. Енді осы түсінгенімді (кітап, мақала, зерттеулерден) сәл тарқата жазсам, таза субъективті ой.
Бірінші типтер көбіне әлеуметтік жағдайы нашар жандар. Олар өз елінде материалдық қиындық көріп, оны түзегісі келеді. Бірақ ол мүмкін болмаса, онда радикалдық топтардың уәде еткен ақшасы мен лаңкестік топтарды басқарасың деген билікті ұсыну сөзіне иланады. Бір қолымда қаржы, екінші қолымда қару, ал алдымда мен үшін жарылып, мен үшін атысатын жасағым болады деп ойлады. Оқып көргеніміздей, олардың басым бөлігі алданады. Және Таяу Шығысқа топ ете қалғанда, қолына қару ұстатып, алдыңғы шепке айдап жібереді. Өзімен қатын-баласын ала кетсе, оларды басқа біреуге бере салады. Он жағдайдың сегізінде осындай.
Екінші типтер, яғни «жұмақ аңсаушылар» расымен әлеуметтік желіде айтылған, ұстаздары (уағызшылар) сендірген фактілерге иланады. Олар Таяу Шығыста «кәпірлер» мұсылмандарды қырып жатыр, үйін өртеп, баласын құл етіп, қатынын күң етуде дегенге ет жүректері езіле жылап, «ойбай барып құтқарайық, дінде айтылған қасиетті соғысқа қатысайық» деп алып-ұшып сол аймаққа баруға тырысады. Бұлардың біріншілерден айырмашылығы көбіне әлеуметтік жағдайы барлар. Себебі елден шығу үшін жалған құжат жасатады, көбіне көлігі мен үйін сатып кетеді. Өйткені біржолата кетемін деп ойлайды. Отбасын өзімен ала кетеді. Барса ешқандай да қасиетті соғыс жоқ екен. Араб шейхтары басқаратын бір лаңкестік топқа топ етеді. Олар екі апта қару ұстап үйретіп, алдыға айдап жібереді. Сөйтіп бір дронның соққысымен о дүниеге кете барады. Оның «қасиетті соғыс» түсінігі өзімен бірге Таяу Шығыстың бір құмында көміліп қалады.
Үшінші типтер
олар әйелдер үшін баратындар. Ұят та болса айтайын, қыз құшағын аңсап кететіндер. Көбіне ондайлар Пәкістан, Ирак, Ауғанстаннан шығады екен. Себебі бұл жақта үйлену қиын, Ауғанстанда бір қызды қалыңдық ету үшін 15-20 жыл қалың малға қаржы жинайтын фактілер жетерлік. Сөйтіп олар соғыс ошағына барып, тегін қыз алып, оны әйел етуді аңсайды. Ал лаңкестік ұйымға арбаушылар «тіпті үш-төрт әйелің болады» дегенді айтады. Бір әйелге қолы жетпей жүрген сорлы неме «үш-төрт әйел» дегенді естігенде есі ауысып, тартып тұрады. Ерсі естілсе де бұл рас ақпарат. Енді әрине бұл үш типтен бөлек ол жаққа кететіндер арасында арнайы қызмет өкілдері, қылмыскерлер де бар. Бірақ олар аздау.
Енді осы үшеуін қарап отырып, Қазақстаннан кеткендердің барлығы дерлік «жұмақ аңсап» кеткендер-ау деп ой түйдім. Өйткені билік пен ақша дейін десем, көбінің әлеуметтік жағдайы жақсы болған. Үйлері, көліктері. Жолға қаржыны өздері тапқан. Өзі ғана бармай топырлатып отбасын ала кеткен. Түркия арқылы бару үшін бірнеше мың долларын сарп еткен. Үшінші тип, яғни әйел аңсап кеткендер ма десем, басым бөлігі үйленгендер. Әйелін, баласын соғыс алаңына өзімен қоса әкетті. Сондықтан «шынымен де сол жақта мұсылмандарды қырып жатыр» деген насихатқа сеніп, милары уланып кеткендер сияқты. Әрине көбісі барған соң шындықтың мүлде басқа екеніне көздері жетеді. Өкінеді. Бірақ тым кеш. Артқа қайтар жол жоқ.
Бұны не үшін айтып отырмын? Бізде екінші типтер көп, олар идеологиялық тұрғыдан жеңіліс тапқандар. Ақпаратқа сенгендер. Сондықтан осы тұрғыдан қарсы ақпаратты күшейту керек сияқты. Ақпараттық кеңістікте үстем болсақ, барлық қауіптің алдын алуға болады (деп ойлаймын). Кім ақпаратты иемденсе, сол әлемді басқарады",- деп жазды Асхат Қасенғали.