Қазіргі кезде жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін 823 кәсіби стандартты әзірлеу ескерілген, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы. Бұл туралы Қазақпарат жазды.
Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлім етті.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қысқа мерзімді (1 жыл), орта мерзімді (6 жыл) және ұзақ мерзімді (2050 жылға дейін) еңбек ресурстарын болжау жүйесін қалыптастыру жұмыстарын атқарды. Талдау көрсеткендей, соңғы 10 жылда кәсіптік техникалық білімі бар жұмыспен қамтылғандардың үлесі жұмыс істеп жүргендердің жалпы санының 49%-на жетіп, 17 пайыздық тармаққа ұлғайды. Экономика салалары бойынша кәсіптік-техникалық білімі бар жұмысшылардың ең көп саны сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және қойма салаларында басым болып, жалпы саны 2,5 миллион адамға жетті. Алайда, еңбек нарығында кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлерге деген сұраныс әлі де өзекті», — деді С. Жақыпова.
Оның айтуынша, 2030 жылға дейін кадрларға жалпы қажеттілік 1,8 миллион адамнан асып, оның ішінде техникалық білімі бар адамдарға сұраныс 1 миллионға жуықтауы мүмкін.
«Кәсіби кадрларды даярлау жұмыстарын жүйелеу мақсатында ұлттық біліктілік жүйесін дамытып жатырмыз. Ол үшін қазіргі уақытта жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін 823 кәсіби стандартты әзірлеу, кәсіби стандарттар негізінде 3,8 мың білім беру бағдарламасын жаңарту, сондай-ақ туризм және ақпараттық технологиялар (IT) сияқты басым салаларда біліктілікті танудың 25 орталығын ашу үшін тиісті шаралар қабылданып отыр. Министрлік жұмыспен қамтуды, оның ішінде жұмысшы кәсіптерге ынталандыру шараларын қабылдап жатыр. Бұл ретте, Ұлттық жобалар, тұжырымдамалар мен даму жоспарлары аясында іске асырылатын барлық жобалар бойынша жұмыс орындарын құруға сапалы мониторинг жүргізу, кадрларға қажеттілікті талдау және болжау үшін Цифрлық платформа әзірленді», — деді ведомство басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, осы цифрлық платформаның функционалын кеңейту мақсатында Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйелерін Қаржы министрлігінің және басқа да орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық холдингтердің жүйелерімен интеграциялау іске асырылып жатыр.