Техникалық мамандарға арналған «Наурыз жұмыскер» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады

Жұмысшы мамандықтар жылы жаңа бағдарламалар мен жобалар Президент тапсырмасы аясында іске асып жатыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Үкіметтің ресми сайтында хабарланғандай, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында техникалық мамандарды қолдау шараларын қолға алынды. Отбасы банкінің «Наурыз жұмыскер» жаңа бағдарламасы іске қосылғаны туралы жарияланып, жұмысшы мамандарды баспанамен қамту мәселесі шешілді.

Бағдарлама өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салалары қызметкерлерін қамтиды. Биыл «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы аясында жұмысшы мамандықтары өкілдеріне 72 млрд теңге көлемінде 2 440 несие беру жоспарланып отыр. 

Өтінімдерді 2025 жылдың 17 наурызынан бастап қабылдау жоспарланған. «Наурыз жұмыскер» бүгінде белгілі «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасының бір бөлігі болмақ. 

Бағдарлама талаптары бойынша азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін) және қалған барлық санаттар үшін 9%-дық (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін) мөлшерлемемен несие беріледі.

Бастапқы жарна – таза әрлеудегі бастапқы тұрғын үйді сатып алу үшін 10%-дан, әрленбеген бастапқы тұрғын үйді және қайталама нарықтағы тұрғын үйді сатып алу үшін 20%-дан басталады. Несиенің ең жоғары сомасы облыстар үшін 30 млн теңге, Астана мен Алматы қалалары үшін 36 млн теңге.

Сондай-ақ «Наурыз жұмыскер» бағдарламасымен қатар Отбасы банкі отандық кәсіпорындармен «корпоративтік» өнім шеңберінде жұмыс істейді, бұл кәсіпорындардың өз қызметкерлеріне несие беру үшін қаражат бөлуін білдіреді. 

«Президентіміз 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Кеншілер, металлургтер, тас қалаушылар, электриктер құюшылар ауыр жұмыстарды атқарады. Осы және басқа да көптеген мамандық иелері бізді негізгі қажеттілігімізді қамтамасыз етіп отыр. Мұндай мамандарға жасалған қамқорлық – бүкіл қоғамның игілігі үшін жасалған қамқорлықпен тең. Көпшілігі қиын жағдайда жұмыс істейді. Сондықтан олардың баспана мәселесін шешу – қиын еңбек жағдайларының орнын толтыруға септігін тигізеді», — деді «Отбасы банкі» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.