Тек сапалы жолдар ғана республиканы транзиттік торапқа айналдырады - ҚР президенті

Елбасының пайымдауынша, "жол құрылысы - мемлекет дамуының айрықша маңызды көрсеткіштерінің бірі. Елдің даму деңгейн жолдарына қарап-ақ бағалауға болады".

Мемлекет басшысының пікірінше, еліміздегі жолдардың басым бөлігі жарамсыз күйде. Республика бұл жолдарға 40 жыл бойы көз қырын сала алған жоқ. "Бүгінде еліміз жолдарды қалпына келтіру мүмкіндігіне , ең негізгісі осындай қажеттілікке, мүдделілікке ие болды",- деді президент.
Елбасы осы орайда қазір Атырау-Орал жол құрылысы салынып жатқанын, сондай-ақ, Алматы-Бішкек тас жолын салу жұмыстары қолға алынып, Алматыдан Қостанай арқылы Челябіге шығатын жол құрылысын салу жоспарланып отырғанын еске сала кетті.
Елбасының пікірінше, жол құрылысын салу - үлкен көлемде жұмыс күшін тартуға мүмкіндік беру нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі төмендеумен бірге, ең бастысы "бұл жолдар елімізді дамытуға қызмет ететіндігімен маңызды".
Ұзындығы 1224 шақырымды құрайтын Астана-Алматы тас жолы еліміздің төрт облысының аумағы арқылы өтеді. Бұл жолды жөндеу және оңалту жұмыстары 1997-жылы басталған. Жол құрылысына 250 млн. доллар көлемінде инвестиция құйылып, оның 238 млн.-ы жол -құрылыс жұмыстарына жұмсалды. Жолды салуға 7 мың адам жұмылдырылды.