Текелінің тұрғыны танымал тележүргізушіге хат жазып, араша сұрады

Бұл туралы Жанат Бақыттың Фейсбуктегі парақшасына сілтеме жасап, Caravan.kz тілшісі хабарлады. 

Жанат Бақыт

Хат иесі ары қарай былай деп жазады (жазуы, грамматикасы сақталған):

"Балам Есенбеков Ержан және оның екі досы қайын інімнің баласы Есенбеков Сүндет және екіншісі Түлеужан Сүлеймен үшеуінің үстінен жергілікті Алматы облысы, Текелі қаласының ІІБ жалған айып тағып отыр. 2016ж. 28 тамыз күні түнгі сағат 1:00 шамасында балалар оқып жүрген мектептің музыка пәнінің Бердібек есімді мұғалімін әлдебіреулер ұрып кеткен көрінеді. Ол күні балалар сағат 22:00-де үйде болған болатын. 2016ж. шілде айында балам Есенбеков Ержан Астана қаласының медтехникалық колледжіне құжаттар тапсырып, оқуға қабылданған еді. Тамыздың 30-ы күніне Ержанға Астана қаласына оқуға кетуіне билет алынған. Қайын Інімнің баласы Есенбеков Сүндет те Көкшетау қаласына оқуға түспекші болып, Ержан екеуі бірге кететін болып шешкен еді. 
Сонымен, бұл үш жасөспірім жан-жаққа тарап кететін болған соң бірі-бірі қимай, 29 тамыз күні қыдырып жүрген. Кешкі сағат 22:30 шамасында площадьта (Әкімшіліктің алдында) отырған жерінен полция қызметкерлері інімнің баласы Сүндеттің қолынан сырылған жараны көріп, көлікке салып учаскіге алып кетеді. Қалған екі балаға үйлеріне қайтуын бұйырады. Балам Есенбеков Ержан, тез арада Есенбеков Сүндеттің туған ағасы Есенбеков Жандосқа қоңырау шалып, болған жағдайды баяндайды. Содан, 30.08.16ж балам Ержан Астана қаласына оқу бабымен жол жүріп кетеді. Сүндетті 18 күндей тергеп, қаладан кетуіне тыйым салады. Арада үнсіз, екі жарым ай өтіп, Астанада жүрген Есенбеков Ержанды 18 қараша күні полиция қызметкерлері колледжде жүрген жерінен алып кетеді. 18 қарашаға дейін Ержанды іздеген емес, бір қоңырау да шалынбаған еді. Сол күні маған колледж кураторы хабарласып, Ержанды полиция кызметкерлері алып кетпекші болғанын хабарлайды. Кәмелетке толмаған балаға ата-анасына ескертпей колледжға полиция қызметкерлерінің келуі дұрыс па? Басқа амалымыз болмағандықтан, баламды Текелі қаласына алдыруына рұқсатымызды бердік. 
Оқиға болған күні, яғни 28.08 күні Жәбірленуші Бердібектің қасында Ержанұлы Алтай есімді жігіттің болғаны, сол күні тойда танысқаны, қазір Бердібектің заттарын ұрлады деген айыппен қамауда отыр деген мәлімет алдық. Ержанұлы Алтай Бердібектің қалта телефонын, ақшасын ұрлағанын мойындап отыр. 
20 - қараша күні тергеуші Қалиева Антайдың басшылығымен куәгер мен балаларды кездестіріп, беттестіру өткізген. Ең сорақысы түрмеде отырған, Бердібектің заттарын тонаған адамды және соны мойындап отырған адамды заң неге тыңдап отыр? Біздің сөзіміз қайда қалды? Балалардың сөзі сөз емес пе? Қолымыз анау айтқандай ұзын емес. Қарапайым тұрмыс кешіп жатқан адамдармыз. (Әкесі: жол жөндеуші, Анасы: аспазшы). Бірақ, бұл адамның құқығын таптауға болады деген сөз емес қой! Шырылдап баламыз үшін жүгіріп жүрген жайымыз бар. Балам кінәлі болса, жазасын өтеуге өз қолыммен тапсырар едім! Бірақ, бұл жерде үлкен әділетсіздік орын алып жатқанына жүрегім қан жылайды. 
Жанат ханым, сізге үлкен үмітпен, амалым қалмағандықтан хат жолдап отырмын. Елеусіз қалдырады деп ойламаймын. Ананың халін ана ғана түсінеді ғой..."


Жанат Бақыттың Фейсбуктегі парақшасынан скриншот

Сондай-ақ, Мейрамгүл Ботабаева "еш жазығымыз жоқ" деп сөйлеп отырған балалардың видеосын жіберген. 

Loading...