Салтанат құрылған кештің шымылдығын Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар Қажы Дербісәлі ашты. Бас мүфти Тәуелсіздіктің арқасында терме өнері де халық арасында өз тұғырына көтеріліп келе жатқанын айта келе, алайда, терме жазу шығармашылығы тоқырап қалғандықтан, телерадиохабарлар барысында жаңа жазылған термелер емес, көбіне бұрынғы, ел аузында жүрген термелер ғана орындалып жүр деді. «Міне, Тәуелсіздік алғалы бері бірінші рет ұйымдастырылып отырған бұл жаңа терме бәйгесі осынысымен құнды. Яғни, төл өнерімізді қайта жаңғыртып, олқылығымыздың орнын толтыруымен ерекше», - деп осынау бәйгенің мән-маңызын атап өтті.
Сонымен қатар, кеш қонағы қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әнші-жырау Бекболат Тілеухан «қонақ кәдесін» тарту етті.
Тоқтала кететін жайт, жарияланған республикалық бәйге қоржынына жалпы саны 290 терме келіп түскен екен. Жыр додасына қарапайым ел азаматтарынан бастап, халыққа танымал ақындарымызға дейін қатысыпты. Қазылар алқасы түскен термелерді саралап, сараптап, үздік термелерді іріктеп, жүлдегерлерді анықтады.
Нәтижесінде Бас жүлде - автомобиль кілтін - Республикалық ақындар айтысының жүлдегері, ақын Арман Бердалин иеленді. Бұған дейін жыр сүйер қауымға «Арақ пен Қазақ» атты термесі арқылы жақсы танылған Арман Бердалиннің «Жоқ іздеп жүрмін» атты жаңа термесін халық зор ықыласпен қабылдады. Ал бірінші орын «Нұр» Қазақ-Египет Ислам мәдениеті университетінің 2 курс студенті Роман Бұрқаштың «Кішкентай» термесіне бұйырды. Оны Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі Данияр Сүлеймен орындаған болатын. 2-орынды айтыскер ақын Еркебұлан Қайназаров пен Жазушылар одағының мүшесі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, ақын Қалқаман Сариннің «Ата-ананың қадірі» атты термесі иеленді. Үшінші орынды үш термеші еншіледі. Атап айтсақ, Жақып Спатаевтың орындауындағы Бекмұрат Анарбаевтың «Ата-анаңды қадірле тірісінде» термесі, ақын, мәдениет қайраткері Серік Қалиевтің «Өсиет айттым ұрпаққа» атты термесі және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жұма-Назар Сомжүректің термесі жүлделі орыннан табылды.
Бұдан бөлек, «Үздік мақам», «Үздік орындаушы» аталымдары бойынша ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Ерекше атап өтетін мәселе ынталандыру сыйлығы термешілер бәйгесіне түскен 13 адамға бұйырып, оларға Умра қажылығына жолдама табыс етілді.