Тектілік жоғалды. Жігіттеріміз бос белбеу - Серік Абас-шах

Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы хабарлайды. 

"1945 жылы Жапонияның Нагасаки қаласында жарылған атом бомбасы естеріңізде шығар? Джо О’Доннелл деген америкалық жауынгер көз алдарыңыздағы суретті сол бір қасіретті жағдайдан соң (көп ұзамай) түсірген екен. Кіп-кішкентай інісінің мәйітін арқасына байлап, крематорий алдында кезегін күтіп тұрған жас баланың бейнесінен жапон xалқының бүкіл болмыс-мінезін айқын көруге болады. Фотографтың естелігіне жүгінсек, бауырының денесін көз алдында отқа жағып жатқанда да міз қақпастан қасқайып тұрыпты (кейіпкеріміз). Ересек адамға тән салқынқандылық тынытып, айналасындағыларға эмоциясын сездірмепті. Тек төменгі ернін қанталағанша тістелей бергенге ұқсайды. Ішіндегі тебіренісін көрсеткісі келмеген ғой, сабазым. Сол сәттерде оның жан-дүниесінде болып жатқан алпауыт арпалыс пен күйініш-қайғыны тілмен жеткізу мүмкін емес шығар? Көлкілдеген көз жаспен ше? Кешегі сұм соғыста бұл баланың отбасынан қанша адам опат болғанын білмейміз. Жарылған атом бомбасы оны тұлдыр жетім еткен шығар, кім білсін? Суретке қайта-қайта қарап, қайран қаламын. Басына түскен қасірет-қайғыны дем ғып жұтып тұрса да сыртына сыр шашпайтын не деген қайсарлық? Не деген мінез бұл? 
Жылауық қазақ, бәсекеге лайық ұлт боламын десең, "бесігіңді түзе", басқалардың бойындағы жақсы қасиетті бойыңа сіңір! Түйсігі бар адамға мына баланың суреті кәдімгідей түрткі болады деп үміттенем.

Р.S. Бос сөз, бөспе әңгімеге негізделген қазақи тәрбие xалқымыздың сапасын бұзып, сапымызға "төртаяқты жағымпаздарды", жемқор атқамінерлерді, екіжүзді беткешығарларды, намыссыз еркектерді топырлатып қосып жатыр. Санымыз көбейгенмен сапамыз артып жатқан жоқ. Үлгі болатын тұлғалар тым азайып кетті, зиялы қауым ұсақталып барады. Тектілік жоғалды. Жігіттеріміз бос белбеу болса, жалаңаштанған қыздарымызға не өкпе?", деп жазды. 

 

"Қит етсе көзге еріксіз жас үйіріле қалатын не деген жылауық халықпыз а? Әсіре мейірімді боп бара жатқан сияқтымыз да, бірақ ол мейірімді жұртқа жақсы көріну үшір жасап жатқан сияқтымыз ба? Біз кімбіз, қандаймыз?" деп пікір қалдырды Сара Жүнісбек есімді азаматша.