Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев «Казахстанская правда» газетіне берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Дәурен Абаев сандық эфирлік және жолсеріктік хабар таратуға қатысты сұрақтарға тоқталып өтті. Бүгінгі таңда 1,3 млн қолданушылар OTAU TV қызметіне қосылған. Жақын арада тұрғындарды сандық эфирлік телерадио хабар таратумен қамту аумағын айтарлықтай кеңейту жоспарланған.
«Ғаламтор да өз аудиториясын кеңейтіп келе жатқаны сөзсіз. Дегенмен біз жүргізген әлеуметтік зерттеу жұмысы көпшілік үшін негізгі ақпарат көзі бұрынғыдай теледидар екендігін көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың 63 пайызы жаңалықтарды көгілдір экран арқылы көретіндерін айтады. Ал Ғаламтор туралы айтатын болсақ, көрсеткіш 38 пайыз ғана болып тұр. Мен Ғаламтор мен теледидарды бір-біріне қарама-қарсы қоюдың қате екендігіне көз жеткіздім. Олар қатарласа дами алады. Әрине, жаңа технологиялардың арқасында теледидар бұрынғыдай болмайды, бірақ қолданыстан шығып қалады деген болжам жасауға әлі ерте», - дейді Абаев.
Министр пікірінше, басылым беттері сандық технологиялармен бәсекелесе алады. City University of London зерттеуінше, The Guardian оқырмандары газеттің қағаз түріндегі нұсқасына күніне 43 минут уақытын жұмсаса, онлайн нұсқасы үшін 41 секунд қана жұмсаған. Танымал экономист Мэтью Генцков газеттің онлайн-нұсқасын оқуға арнаған бір сағаты үшін 4,24 доллар кететінін есептеген. Ал газеттің қағаз нұсқасын оқу үшін небары 1,57 доллар жұмсалады.
«Осыған байланысты телевизиялық хабар таратудың дамуына біз ерекше көңіл аударатын боламыз. 600 мыңға жуық қазақстандық отбасы спутниктік тарелкаларды қолданады, бұл шамамен 1,5 миллион адам», - деп түсіндіріп өтті Абаев.