Оның айфонның өртенуі салдарынан зардап шеккенін бұрын айтқанбыз. Алғашында өрт телефон қуат бергішке қосылып тұрғандықтан тұтанды делінген еді. Енді Ардақ бұл ақпаратты теріске шығарып отыр. Ол ұйықтар алдында қуат бергішті ажыратып қойған екен, деп хабарлайды "Диапазон" газеті.
Өрт тұтанғанда, Ардақ ұйықтап жатқан. Бұл түнгі сағат 3-тер шамасында болыпты.
"Айфон 5S" қуат бергішке қосылмаған еді. Ол екі адамдық кереуетте қасымда жатты. Таңертең бір шараға баруым керек болған. Сондықтан керек-жарағымды дайындап, тіпті тонымды киім ілгіштен алып қойғанмын. Ал түнде мені біреу жұлқығандай болды. Оянсам, кереуетім жанып жатыр. Өрт айфоннан тұтанды. Бірақ ол қуат бергішке қосылмаған. Қуат бергіш сол өрттен жанып кетті. Маған ұялы байланыс салонынан адамдар келді. Осы жағдайдан бір пайда көре қояйын деген ойым жоқ. Бірақ бәрін анықтау керек" дейді Орынбасарова.
Бұл жағдайға Apple-дің Мәскеудегі өкілдігі назар аударыпты. Олар зардап шеккен қызды "Диапазон" арқылы іздеген. Кеше сол мәскеуліктердің Ардақтың туыстарымен хабарласқаны белгілі болды.