"Телефонда көп уақыт өткізген": Ақтөбе облысында 9 сынып оқушысы өзіне қол салды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы оқиға 24 сәуір күні Ақтөбе облысы Қарғалы ауданына қарасты Шәмші Қалдаяқов ауылында болды. Оқушының денесі сол күні кешкі уақытта сарайда асылып қалған күйде табылды.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұған дейін мектеп қызметкерлері әкесіне хабарласып, баласының сабақ оқымайтынына шағымданған. Көрші елде іссапарда жүрген әкесі балаға ұрысқан болуы мүмкін. 

Ақтөбе облыстық білім басқармасы жасөспірімнің анасымен арада сөзге келу жағдайы болғанын айтты. 

“Мектеп директорының аудандық білім бөліміне  жіберген хабарламасы бойынша, бала таңертең анасымен сөзге келіп, анасы оның телефонын алып қойған. Анасының айтуынша, кейінгі екі күн көп ұйықтайтын болған. Телефонда көп уақыт өткізген, ол туралы анасы ешкімге айтпаған”, – деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы. 

Өзіне-өзі қол жұмсаған жасөспірім толыққанды отбасында тәрбиеленген. Полиция оқиғаға қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. 

“24 сәуір күні кешкілік уақытта Шәмші Қалдаяқов ауылында 2010 жылы туған 9-сынып оқушысының асылған түрде денесі табылды. Өзіне-өзі қол жұмсау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр”, – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін Астанада 8-сынып оқушысы жұмбақ жағдайда терезеден секіріп кеткен еді.