Телібековпен еріп келген келіншек Орталық сайлау комиссиясының хатшысымен жаға жыртысты

- Алыңдар, кетіңдер! Сайлау ашық болу керек...

Қазақ тілінен емтихан тапсыруға келген  Мұрат Телібеков Орталық сайлау комиссиясының табалдырығын айқаймен аттады. Президент болғысы келетін үміткер күзетке ұялы телефонымды тастамаймын деп қарсылық білдірді. Бірақ, қызық Телібеков ішке кіргенде басталды. Қасына сенімді адамын ала келген екен. Сол өзімен еріп келген келіншек те емтиханға кіремін деп Орталық сайлау комиссиясының хатшысымен жаға жыртысуға дейін барды.

Телібеков мұнымен тоқтамады. Лингвистикалық комиссия мүшелеріне мүлдем сенбеймін деген ол емтиханға журналистердің де қатысуын талап етті. Ал, сынақ басталғанда нақты тапсырмаларға жауап беруден бас тартып, білгенімді айтамын деп төрағамен тағы салғыласты.

Мұрат Телібеков: «Қазақстан мұсылмандары одағының» төрағасы

-Мен емтиханды шығармадан бастамаймын, өзім дайындап келген баяндамадан бастаймын.

Мырзатай Жолдасбеков, Лингвистикалық комиссия төрағасы:

-Мұрат Айтжанұлы, бұл шектен шыққандық. Ережеге сәйкес, сіз бірінші шығарма тақырыбын таңдап, сол бойынша екі бет шығарма жазу керексіз.

Телібеков ақыры айтқанға көнбеген соң комиссия мүшелері емтиханды тоқтатып, Мұсылмандар одағының мүшесін залдан қуып шықты.Бүгін журналист Жарылқап Қалыбай да қазақ тілінен емтихан тапсырды. Телібековке қарағанда ол өзін тіл алғыш тәртіпті оқушыдай ұстады. Түнімен уайымнан көз ілмесе де Қалыбай қате жіберген жоқ. Тіпті Елбасынан кейінгі қазақ тілін еркін меңгерген екінші үміткер болып шықты.

Мырзатай Жолдасбеков, Лингвистикалық комиссия төрағасы:

-Емтихан тапсырған азаматтардың барлығы әуелі Елбасы,  сосын осы Жарылқап сияқты болса ғой, шіркін-ай. Лингвистикалық комиссияның қорытындысы:  Жарылқап  Қалыбай қазақ тілін толық меңгерген.

«Аңыз адам» журналының бас редакторының қарамағындағы жураналистер қазірдің өзінде whatsapp желісі арқылы дауыс жинауға кірісіп кеткен көрінеді. Бірақ, Жарылқап Қалыбай саяси додада Нұрсұлтан Назарбаевтан озып, жеңіске жететініме сенетіндей есімнен адасқан жоқпын деп отыр. Тек сайлау сахнасын  пайдаланып шенеуніктерге өзін мазалап жүрген мәселелерді жеткізіп қалмақ.


Жарылқап Қалыбай: «Аңыз адам» журналының бас редакторы:

-Менің билікке жеткізгім келетіні – ұлттық құндылықтарымыздың жүзеге асуы cосын ұлттық мүдде. Еуразиялық одақ деген қауіпті одаққа кіріп бара жатқанымыз қазақ халқын қатты алаңдатады, мен  сол қазақ халқының өкілі ретінде соны билікке жеткізгіміз келеді. Біз Путиннен қорқамыз.

Ал, қазақ тілінен емтиханнан сүрінбей өткен 5 үміткердің бірі –қазіргі мемлекет басшысы Назарбаев жарты миллион қол жинап үлгерген. Қалған төртеуі бюлетендерін арқалап қолдау іздеп жүр. Ал сайлауға өтініш қабылдау кеше аяқталды. Енді кандидаттарды тіркеу 25-наурызға дейін созылмақ.

-Ал, бүгін лингвистикалық комиссия мүшелерімен төбелесе жаздаған Телібековтың әрекеті әлі талай дауға себепкер болатын секілді.   Ал осы жанжалдан кейін шұғыл отырыс өткізген Орталық сайлау комиссиясы бұдан-былай сайлауға қатысатын үміткерлердің  дәрігерлерден «дені сау» деген анықтама әкелуін  талап ету туралы ұсыныс жасады. Ол үшіналдымен  тиісті заңға өзгеріс енгізу қажет.

Loading...