Теміртауда ұстаздардан мәжбүрлеу арқылы 600 мың теңге жиналған

Бұл туралы «SERPIN» Ұлттық білім беру ұйымдары қауымдастығының төрағасы Мұрат Әбенов әлеуметтік желіге жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы.

Әбеновтың жазуынша, аталған сома мектеп мұғалімдерінен мерзімді басылымдарға жазылу үшін жиналған. Қазір бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталыпты. Істің осылай өрбуін Әбенов мырза «ұстаздардың аз да болса жеңісі», деп атап көрсетті.

«Газеттерге мәжбүрлеп жаздыру - заңсыз әрекет екені дәлелдене бастады. Күзде мектеп мұғалімдерінің айтуымен бұл тақырыпты бірнеше рет БАҚ-та көтерген едік. Құқық қорғау органдарына да хабар жеткіздік. Солардың арасыда біздің ұсынысымызды қолдаған Мемлекеттік қызмет және сыбайластық жемқорлыққа қарсы Агенттік басшылары. Бүгінгі келген ақпарат бойынша мәселе қолға алынып, аймақтарда арнайы шаралар өткізілді.Мысалы, Теміртау қаласында білім бөлімінің басшыларына ұстаздардан заңсыз мәжбүрлеу арқылы 600 мың теңге жинаған үшін қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр», делінген жазбада.

Бұрынғы депутат М. Әбенов сыбайлас жемқорлықтың түбіне балта шабамыз десек, осындай кез келген заңсыздыққа жол бермейік деген үндеу тастаған.


«Әрине бұл үлкен қылмыс емес, несіне шулатады, бұрыннан бері үйреншікті жағдай ғой, деп айтатындар табылады. Бірақ ол қате түсінік. Айлығы онсызда төмен ұстаздарға 3-5 басылымға 10 мың теңгеге дейін төлеу аз ақша емес. Екінші жағы, қоғамдағы сыбайластық жемқорлық осындай "кішкентай" көлемнен басталады, ет үйренеді, жеңіл қабылданады. Айналып келіп үлкен қылмысқа әкеледі. Заңсыздықтың зардабын өзі шеккен мектеп ұстазы балаларды заңды сыйлау , құрметтеуді қалай үйретеді?
Сол себептен сыбайластық жемқорлықты жоямыз десек осындай күнделікті көзге көрінетін заңсыздықты тоқтату керек. Сонда қоғамда сенім пайда болады», депті Әбенов.