Н.Байдәулетовтың айтуынша, бұл ережелер "темір жол транспорты саласын қайта құруға мүмкіндік беретін аса маңызды құжаттардың бірі болып табылады". "Бұл құжат тасымал рыногындағы қарым-қатынастарды ашық әрі нақты айқындап береді",- деді ол.
Н.Байдәулетовтың айтуынша, ережелерді екі ай бойы талқылау нәтижесінде "тасымалдаушылар мен жүк жіберушілер арасында бір-біріне айып тағатындай мүмкіндік қалмады".
Ал ҚР тауар өндірушілері мен экспорттаушыларының одағының президенті Николай Радостовецтің айтуынша, құжаттың бастапқы нұсқасы жүк жіберушілердің құқығын шектеп келген. "Онда темір жолдың мүддесі басымырақ ескерілген". "Бұл құжатты алғашқы қараудан кейін Одақ ҚР көлік және коммуникациялар министрлігінен жүк жіберушілер өз пікірін білдіруі үшін құжатты күшіне енгізуді кейінге қалдыра тұруды сұраған",- деді ол.
Н.Радостовецтің айтуынша, "тасымалдаушылар бірқатар мәселелер бойынша мәмілеге келді". Атап айтсақ, құжат жобасынан жүк жіберушінің тасымал үшін берешегі болған, жүк таситын отарбамен қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаған және тасымалданатын жүк көлемі станцияның мүмкіндігінен артып кеткен жағдайда тасымалдаушыға жүк тасымалдау жөніндегі өтініштен бас тартуға құқық беретін норма алып тасталды. Сонымен бірге құжаттан жүк жіберушімен есеп айырысудың акцептісіз түрі сынды көрсеткіш те алып тасталды.
Құжатта қазіргі заңнамаға сәйкестендіріле ретке келтірілген нақты ережелер көп, дейді Н.Радостовец. "Ендігі жерде жүк жіберушілер мен темір жол арасында келісім-шартқа негізделген әріптестік байланыс бекиді",- деді ол.