Теңіздегі мұнай операциялары барысында Өзара өнім бөлісу туралы заң жобасы парламенттің талқысына ұсынылады

Бұл құжат бұған дейінгі кеңестерде де бірнеше мәрте талқыланғандықтан, бүгінгі талқылау басталмас бұрын үкімет басшысы қазіргі күн талабына сай келетін заң жобасы мұнайгаз өндіру саласындағы қазіргі өзгерістерге байланысты жасалғанын еске сала кетті. Құжаттың басты мәні - Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму Стратегиясы мен Елбасының Қазақстан халқына арнаған жолдауын жүзеге асыруға саяды.

Талқылау барысында атап өтілгеніндей, жобаға мүдделі барлық министрліктер мен мекемелер тарапынан айтылған ескертпелер, соның ішінде есептеу әдістемелері мен қайыра сілтеме жасайтын нормаларға қатысты ескертпелер де қамтылды. Негізінен заң жобасының ақырғы нұсқасына қатысты жұмыстар тұжырымдарды нақтылауға бағытталды.
Инвесторлармен арадағы келісім-шарттарының тұрақтылығына қатысты құжат ережелеріне түсініктеме берген Д.Ахметов бұған дейін қол жеткізілген келісімдерге кепілдік беретін бұл пункт республика үшін айрықша маңызды екенін атап өтті.
Кеңес соңында үкімет басшысы мүдделі министрліктер мен мекемелерге заң жобасына бүгінгі кеңесте айтылған ескертпелерді қамти отырып құжатты парламенттің талқысына тапсыруды міндеттеді.