Теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ мемлекеттердің министрлері Алматыдағы халықаралық конференцияда бас қосады

Осындай бас қосу ұйымдастыру туралы шешім, құрамына Қазақстан бастаған 31 ел қамтылатын теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ дамушы мемлекеттердің бастамасымен қабылданған көрінеді. БҰҰ мемлекетаралық дайындық комитетінің Нью-Йоркте өткен 1-сессиясына ҚР көлік және коммуникация министрі Қажымұрат Нағманов бастаған өкілдер қатысып қайтты.

Алматыда өтетін халықаралық конференция теңізге шыға алмайтын дамушы мемлекеттерге қолұшын беру саласында ғаламдық әріптестікті жандандыруға, транзиттік-тасымал инфрақұрылымын дамыту арқылы теңізге шыға алмайтын мемлекеттердің әлемдік шаруашылық байланыс жүйесіне қатысу мүмкіндігі мен ролін арттыруға жол ашады деген үміт бар. Конференцияда континенттік мемлекеттердің барлық көлік түрлерімен теңізге ешбір кедергісіз шығуын қамтамасыз етуге , инфрақұрылымды дамытуға, тасымал жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға, ресурстарды тиімді пайдалануға, транзитті тасымал саласындағы саясатты жетілдіруге қажетті шаралар келісілмекші.