Жарыстың 10 мың АҚШ доллар сыйақысы кімге бұйыратынын Қазақстан, Франция, Чехия, Ресей, Қырғызстан және АҚШ қыздары өзара жекпе-жекте анықтайды.
Кәсіпқойлар арасында өткізіліп отырған турнирге 14 және одан жоғары жастағы теннисшілер бақтарын сынай келген. Қазақстан атынан Камила Керімбаева (Team Kazakhstan), Анастасия Епишева (Team Kazakhstan), Екатерина Клюева (Астана), Әсел Арғынбаева (Алматы) және Анна Данилина шығады.
Аталмыш турнир Қазақстан теннисінің дамуына үлкен серпін бермек. Себебі ол еліміздің енді ғана аяқ басып келе жатқан жас спортшыларына кәсіпқойлар турнирінде ұпай жинап, тәжірибе молайтуға мүмкіндік сыйлайды. Айта кетейік, Қазақстан теннис федерациясының жіктеуі бойынша, аталмыш турнир ең жоғары санатқа жатқызылған.
Жарыста жекелей сыннан бөлек, жұптық сайыстар қарастырылған. Алғашқы кездесулер бүгін Астанадағы Ұлттық теннис орталығында өтеді.