Теннис: Қазақстан - Швейцария кездесуінде ойнайтын теннисшілердің есімдері анықталды

Бүгін соған орай, журналистердің қатысуымен болған мәслихат барысында салтанатты жеребе тарту рәсімі өтіп, алдағы ойындарда кездесетін қарсылас жұптар анықталды.

Ертең, қыркүйектің 17-де ашылу салтанатынан кейін, алғашқы кездесуде Андрей Голубев пен Марко Чудинелли ракетка түйістіреді. Содан соң Михаил Кукушкин мен Станислас Вавринка жұбы күш сынасатын болады.

«Мен Чудинеллимен болатын ойынға дайынмын. Кортқа шығып, қолымнан келетіннің барлығын жасаймын», дейді А.Голубев.

А.Голубев осы үш күн аралығында өтетін «Дэвис кубогы» әлемдік тобының плей-офф кезеңінде жеңіске жету Қазақстан құрамасы үшін өте маңызды екендігін атап көрсетті. «Біз әлемдік топқа шығуға қатты талпынып жүрміз. Біз үшін және ел үшін бұл өте маңызды. Оған біздің және жанкүйерлердің үлкен құлшынысы, жеңіске деген ынтасы жақсы әсер етеді деп ойлаймын», дейді қазақстандық теннисші.

Сайыстың екінші күнінде жұптық матч өтеді. Евгений Королев пен Юрий Щюкин жұбы швейцариялық жұп Мишель Ламмер және Ив Аллегромен ойнайды.

Королев пен Щюкин жұбы көп матчтарда өнер көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Олар жақында ғана Швейцариядағы турнирде бірігіп ойын көрсеткен болатын. «Біз бір-біріміздің ойынымызды жақсы сезініп, кортта түсінісе аламыз. Алдағы матч ауыр тиетіні белгілі, біз олардың ойынын, күшін қай шамада екендігін білеміз. Біз толық дайынбыз деп санаймын», дейді Ю.Щюкин.
Жарыстың соңғы кезеңінде А. Голубев С. Вавринкамен кездеседі. Ал М. Кукушкин М. Чудинеллиді қабылдайды.

Айта кетейік, «Дэвис кубогының» плей-офф кезеңіне Қазақстан құрамасы матчтар сериясы бойынша қытайлық спортшыларды 4:1 есебімен ұтып шыққан еді. Онда біздің командаға жеңісті Андрей Голубев, Михаил Кукушкин және Юрий Щукин сыйлаған болатын.