Білігін емес білегін көрсеткен Ботабаевты аяқасты алты Алашқа мәшһүр қылған бейнетаспа бұл. Алматыдағы “Эйр Астана” компаниясының бір бөлімшесінде болған. Жазбаған жан қалмады, тілге тиек етпеген тілшіде кемде кем мұны. Міне Дархан Ботабаев қайта келді бүгін. Кідірмей ішке кірді, алдында айыпты болып жүзінен жұдырықпен ұрған аруды жазбай таныды. Бұл жолы жұдырықпен қағысбады, керісінше бір құшақ гүл табыстады.
Нұркенжегүл де сақадай сай екен. Сотқар қаржыгерге кешірімді кассир жолығып келісе кетті, істі сотқа жеткізбей тынбаймын деп апта бұрын ашуланған азаматша бүгін өте ұстамды, тіптен жазған арызын қайтарып алмақ.
Нұркенжегүл Байғазиева, жәбірленуші:
- Мен ешкімге кек сақтамаймын. Тек қана осы жағдай басқаларға сабақ болсын деймін. Алдағы уақытта ер адамдар әйел адамдарға қолын көтермесе екен және әйел адам үй жағдайында болсын жұмыс жағдайын да болсын ешқандай қауіп-қатерге ұшырамаса екен деген тілегім бар.
“Қазинвестбанк” директорлар кеңесінің мүшесі деген айтулы қызметінен осы айғайдан соң айрылған Дархан Ботабаев қатты ұялғанын, ниетінің түзу екенін тек кешірім сұрауға уақыт таппай қапылғанын айтты.
Дархан Ботабаев:
- Эйр Астана басшылығына хабарласып, Нұркенжегүлден кешірім сұрауға мүмкіндік жасауды сұрадым. Мұны барлық ел көргендіктен, көпшіліктің көзінше кешірім сұрауды дұрыс деп таптым. Осы қылығым үшін өкінемін.
Тәубесіне түскені сонша, тіпті сол жердеАружан Саинның қамқорлық қорына 1 жарым млн. теңге аударып жіберді.“Эйр Астана” компаниясының басшылығы да айыпты азаматқа жылы қабақ танытты. Бүгіннен бастап кешірім алған Ботабаев аталмыш компания арқылы әуеде еркін қатынасса болады. Алайда “Эйр Астана” ұжымына дөрекілік көрсеткендер тіркелетін сұр тізімге Дархан Ботабаев жуырда жазылатынын ескертті. Жалпы 30-ға жуық адам бар екен бұл тізімде.
Сұр тізімге білекті Ботабаев осы айдың ортасында енгізілмек, одан соң 18 ай бойы әр әуе билетін сатып алған сайын жасаған тентектігін бетіне басып отырмақ компания. Тек 1 жарым жыл тәртібі түзу, мінезі мінсіз болса сұр тізімнен сызылып тасталмақ. Бұдан бөлек, ұшақ бортында қояншықтық қылатындар үшін арнайы қауырсын кісендер сатып алыпты “Эйр Астана”. Енді кассаға келіп жұдырық жұмсамақ түгілі көкте мінез көрсетсеңіз отырған орындығыңызға таңып тастайды борд серіктер.