Әкімшілік ақпаратына сәйкес, апат салдарынан көп пәтерлі 208 үй жылудан құралақан қалды. Бұл үйлерде жалпы 40 мың жан түтін түтететін Шахтинск қаласы тұрғындарының 60 проценті тұрады. Бұл пәтерлерде қазір сынап бағанасы Цельсий өлшемі бойынша 4 градустан аспай тұр. Қаладағы барлық мектептерде сабақ тоқтатылды.
Қалалық ауруханаларда аса ауыр жағдайдағы және реанимация бөлімінде жатқан науқастар ғана қалдырылды. Перзентхана жабылды. Шахтинск қаласында мұндай төтенше жағдай өткен аптаның аяғында қалыптасқан. Оған "Оралдомнаремонт" ЖШС-іне қарасты Тентек жылу электр орталығындағы апат себепші болды.