Бейнебақылау камерасына түсіп қалған кадрлардан арнайы жасақтың марқұмды көшенің ортасында тепкінің астына алғанын да байқай аласыз, деп хабарлайды Caravan.kz порталы Экспресс К. -ке сілтеме жасап.
Қоғамдық резонанс тудырған оқиғаға қатысты бейнежазбалар Михаил Козачковтың Telegram-арнасында жария етілді.
Журналист бейнебақылау камерасынан алынған екі видеоны бөлісті. Оның бірінде дәмхана алдында телефонмен сөйлесіп, алаңсыз тұрған Нұрболат Жұмабаевқа арнайы жасақтың бірнеше қызметкері жабылып, қолын қайырғанын көруге болады. Марқұм бұл сәтте арнайы күшке ешқандай қарсылық танытпайды. Қайта керісінше, қолы қайырылған оны жерге жатқызғандар тепкінің астына алады.
Екінші видео дәмхана ішінде түсірілген. Онда тамақтанып отырған Сергей Петровқа да күш қолдана отырып, ұстап әкеткенін көруге болады.
Ал Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында Нұрболат Жұмабаев пен Сергей Петров жедел әрекет ету жасағы мен полиция қызметкерлерінің ұстау операциясы кезінде қарсылық танытқанын мәлімдеген болатын.
Көз жұмған жігіттің туыстары Нұрболат Жұмабаев Шымкентке болашақ жарын алып кету үшін келгенін айтты. 17 желтоқсанда келіннің беташар рәсімін өткізуді жоспарлаған.
Оқиға болған күннің ертеңіне қайтыс болған жігіттің әкесі ұлын полицейлер ұрып өлтіргеніне сенімді екенін айтты. Ал Полиция департаментінің бастығы журналистерге марқұм тергеу кезінде өзін жайсыз сезініп, кенеттен қайтыс болды деп мәлімдеді.
Мәйітті экспертизаға алып кірмей тұрып полицейлер көз жұмған жігіттің әкесіне ақша ұсынғаны белгілі болды.
Оқиға күні Нұрболат Жұмабаевтың қасында досы Сергей Петров та болған. Ол полицейлер ұрып-соғып, жасамаған қылмысты мойындатқысы келгенін айтты.
Медициналық сараптама қорытындысы бойынша 31 жастағы Нұрболат Жұмабаевтың неден өлгені белгілі болды.
Бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігіне сәйкес (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, өлімге әкеп соғу) қылмыстық іс қозғалды.
Алты полицей ішкі істер органдарынан шығарылды.
Тергеу сотының санкциясымен үш лауазымды полицей (екі подполковник, бір полковник) екі айға қамауға алынды.
Көз жұмған жігіттің әкесінің адвокаты Талғат Есімов жігіттің өліміне қатысы бар өзге де қызметкерлер жауапқа тартылу керектігін айтып, бұл бойынша прокуратураға талап-арыз жазатынын жеткізді. Сондай-ақ адвокат қоғамдық резонанс тудырған оқиғадан соң Полиция департаментінің бастығы отставкаға кетуі керек екенін айтты.
Марқұмның денесі 11 желтоқсан күні Қостанай облысында жер қойнына тапсырылды.
Дәл осы күні Шымкенттің бас полицейі қайтыс болған жігітке полицейлер тарапынан күш қолданылғанын мойындады.