Терроршылардың арасында 2 діни топ өкілдері байқалды: салафиттер мен таблиғшылар

Бұл туралы Caravan.kz порталы Талғат Жакияновтың Facebook-тағы парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Әрине, солай. Салафиттер, ең алдымен, мазхабтарды мойындамайды, дінбұзарлық деп санайды. Ал таблиғтар ханафиліктің деобандық мектебінің өкілдері. Талибандар сияқты.

Алайда Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы билікке жету үшін өз қарамағына салафиттік "Ислам мемлекеті", "Әл-Каида", т.б. террористік топтарды біріктіре алды. Оларды біріктірген ең басты ортақ мақсат - Халифат (ислам теократиялық мемлекетін) құру идеясы!

Ал қазір Талибан мақсатына жеткен соң ғана халықаралық қауымдастықтың талабымен салафизммен күрестің имитациясын жасауда (бұл шынымен имитация, себебі салафиттік топтарды толық құртса, ішкі жауын көбейтеді әрі өзі де қатарын сиретіп әлсірейді).

Біздің соңғы жағдайымызда да салафиттер мен деобандық бағыт өкілдерінің ортақ мақсатта бас қосу тәжірибесі байқалды.

Елімізде салафиттер саны қарқынды артып келеді. Оларды бәз біреулер "сабырлы" және "радикалды" салафиттер деп жіктеп, қалыпты көзқарас танытқысы келеді. Салафиттердің қай тобы болсын Халифат идеясын ұстанушылар. Олардың ақидасы, шейхтары, оқитын кітаптары да ортақ.

Салафиттер бүгінде шаруашылық-экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік-мәдени тұрғыдан да оқшауланып, анклавтарға айналған. Территория берсең, жеке мемлекет құрып кетуге әзір отыр. Халифат құрып...


Спорттың белгілі бір түрлеріне (күрес, садақ ату, ат спорты) де көптеп шоғырланған. Сол арқылы күштік топтарын нығайтуда. Басқа салаларға да белсенді араласып кеткен. Ол үлкен әңгіме және жеке талқылауды қажет етеді.

Елімізде деобандтық топтар да қалыптасқан. Тіпті, қылмыстар да жасап үлгерді. Қызметіне тыйым салынған таблиғтар да жандана түсті.

Бұл аталған мәселелер дін саласындағы қордаланып қалған проблемалардың бір азғантай бөлігі ғана.

Басқа проблемаларды айтсам, үш күн үш түн зарлап отырып жырлауға болады...

Дін саласындағы саясатқа күрделі әрі шұғыл реформа жасалмаса, үлкен қатерлер орын алмақ",- деп жазды Талғат Жақиянов. 

Еске салсақ, елімізде орын алған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бейбіт шерушілер арасында лаңестік топтардың болғаны айтылды. Ал бір ғана Алматы қаласына 20 мыңдай террорист шабуыл жасаған.