Тик-Ток Қазақстаннан кетсе, біз не жоғалтамыз?

Қазақстан билігі өзінің тик-токқа деген позициясын жаңа жылға таман нақтылауы мүмкін, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы қаржы сарапшысының пікіріне сілтеме жасап.

Айбар Ожлаевтың айтуынша, кез-келген ақпараттық хабардың өзінің астары, жасырын сигналы болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы мәлімдемесінде «жастар алтын уақытын телефонға үңіліп өткізбей, оны анағұрлым пайдалы іске жұмсаса» деген месседж болды. Және оның тик-токқа қатысы бар екенін түсіну керек. Соңғы суицидтер мен тик-ток арасындағы корреляция байқалса, әрине, онда дискуссия жаңа бағытта қызатыны анық.

Тик-ток әуселесін биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі тексеріп көрді, артынан Мәжіліс депутаттары арқылы бұл тақырып күн тәртібіне қоя басталды. Мемлекет басшысы да жастардың уақытына қатысты алаңдаушылық білдірді. Демек, Қазақстан тик-ток мәселесін біржолата шешуге ақырындап бара жатыр. Түбегейлі жабу болмаса да, нақты бір регуляторлық ұсыныстар беріліп, тик-ток тек соны толық қабылдаған жағдайда ғана оған жұмыс істеуге рұқсат беру форматы таңдалуы мүмкін.

Тик-токтың өзі не дейді?

Қазақстандағы тик-ток биылғы жылдың басынан бастап 13 жастан төмен балалардың 2,1 миллион аккаунтын жапқанын және балалардың қауіпсіздігіне негізінен ата-аналары жауап беруі тиіс екендігін хабарлады.

Тик-ток платформа ғана. Олар видео түсірмейді, контент жасамайды. Басты фишкасы оның контент көрсететін алгоритмінде. Бірақ оның барлығы автоматты түрде жүретіндіктен, тик-ток не шығып, не көрсетіп жатқандығын бақылаудан шығарып алған. Егер Тик-ток Қазақстанда қалғысы келсе, оған мемлекеттік премодерация моделін ұсынуға болады. Яғни тик-ток қазақша білетін, Қазақстан азаматы болып табылатын жүзге жуық адамды арнайы модератор тобы ретінде жұмысқа алуы тиіс. Олар Қазақстан аумағында көрсетілуі мүмкін видеоларды қарап, оларды ары қарай жіберіп, не жібермей іріктеп отыруы керек. Мысалы, сіз тик-токта видео түсірдіңіз де салдыңыз. Бірақ ол алдымен модераторларға түседі. Модераторлар 5-10 минуттың ішінде қарап, ары қарай жібереді. Сол кезде ғана видео тик-токта көрсетіле бастайды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осындай мәселелерді платформа басшылығымен ақылдасатыны анық.

Тик-токтың қазақ экономикасына әсері қандай?

Мемлекеттік кірістер комитетінің маған берген мәліметіне сай, Тик-ток 2023 жылы біздің бюджетке 1,16 миллиард теңге салық төледі. Бұл жөнінен Тик-Ток ақырындап Мета корпорациясына жетіп қалды. Цукерберг 2023 жылы бізге 2,76 миллиард теңге салық әкелген еді. Ал биылғы жылдың басынан бастап Тик-Ток 892 миллион теңге, ал Мета 964 миллион теңге салық төлеген. Тик-ток кетсе бізге жылына 1-2 миллиард теңге келмейтін болады. Бұл әрине, қатты бір қиналатындай жағдай емес.

Тик-ток электронды саудаға қалай әсер етуде?

2023 жылы Қазақстандағы электронды сауда көлемі 2,4 триллион теңгеге жетті. Оның негізгі бөлігін халықаралық маркетплейстер қамтамасыз етіп отыр. Атап айтқанда Алиэкспресс, Пиндуодо, Вайлдберриес, Озон, Каспи мен Тему. Қазір биылдан бастап қатты өсіп жатқаны Пиндуодо мен Вайлдберриес. Бірақ оның ішінде Тик-токтың үлесі жоқ немесе мардымсыз деп айта аламыз. Тик-ток бағыты бөлек болғандықтан оның саудағы әсері бойынша статистика бермейді. Бұл бойынша тик-ток арқылы тауар сататын блогерлер индустриясы пайда болған Қытаймен салыстыруға келмейді. Бізде бұл бағыт әлі пайда болған жоқ.

Сонымен, тик-ток қазаққа керек пе, керек емес пе деген мәселеде біз оның тек платформа екенін ескеруіміз керек. Тик-ток кетсе инстаграм рилс тура соның орнын басатын болады. Сондықтан әңгіме контент пен оның модерациясы мен іріктелуінде. Барлығы Қазақстанның өзіне байланысты. Біз қалай бассақ, тик-ток солай иілуге дайын. Тек біздің қолымыз тимей жатыр ма, әлде бұл проблеманы әлі маңызды деп санай қоймадық па, оған қатысты үлкен жұмыс топтары әлі жұмыс істей қоймады.