Тіл игеру үшін тілек те керек, жүрек те керек - Тіл комитетінің төрағасы

«Тәуелсіздік туы тігілген Қазақстанда кезінде тың игерілген далада тіл игеріле бастады. Ақыры арқа төсінде әсем қала Астана шаңырақ көтерді. Жас шаһардың бесігі қазақылығының аясында тербелді. Тілінің түтіні түзу ұшты. Бір кезде С.Сейфулли бір мақаласында «Қазақ тілі Ақмолада әзірше жұмылған ауыздың ішінде тұр» деп жазып еді. Сол ауыз әлдеқашан ашылған. Тілдің буылған, түйілген тұстары шешілген. Бірақ төбесінде үкісі бар тіліміздің кетпеген мүкісі де жоқ емес. Бүгінде Астана қаласының Тіл басқармасы мемлекеттік тілдің басына таққан үкісін мәпелей отырып, баяғыда қалып қойған мүкісін кетіру үшін аянбай күресіп жатыр», деп атап өтті ол.

Б.Омаров, кезінде Алматының бай дәстүрін, тілдік ортасының қаймағын бұзбай сақтап, тіліміздің тұлпарын жақсылап тұрып баптап берген, бүгінде Астананың тізгінін қолға алып, тіл мәселесін реттей бастаған қала басшылығана ризалығын білдірді.

«Жиған байлығың мен иман байлығың таразыға түсіп тұрған заманда, тілдің иманға серік болғаны дұрыс. Өйткені Абай атамыз айтқандай,

«тіл - жүректің айтқанына көнсе ғана жалған шықпайды». Демек, тіл игеру үшін тілек те керек, жүрек те керек.

Комитет төрағасының айтуынша, бүгінде Астана қаласының әкімдігі жанындағы 10 басқармада іс қағазы қазақ тіліне толығымен көшірілді.

«Өзге өңірлер тек қана мемлекеттік қызметкерлерді тегін оқытып, қалғандарға не ақшасын қимай, не басқасын қимай ойланқырап отырғанда, Астана қаласының әкімдігі денсаулық сақтау, спорт, білім беру және ұлттық мәдени орталықтардың қызметкерлерін ақы-пұлсыз тіл үйретуге шешім қабылдады», - деді.