”Тіл мәселесі 3 жылдан кейін Украинаға қарсы соғыстың себептерінің бірі болды” - Бақытжан Бұқарбай

Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

”Осыдан 15 жыл бұрын, яғни 2011 жылы, геосаяси ахуал бүгінгіден әлдеқайда тыныш кезеңде Мұхтар Шаханов ағамыз бастаған бір топ зиялы қауым атышулы бапты алып тастауды талап етіп, «138-дің хатын» жариялаған еді. Алайда бұл бастама сол кезде өтпей қалды.

Уақыт көрсеткендей, тіл мәселесі үш жылдан кейін Украинаға қарсы соғыстың себептерінің бірі болды. Кім білсін, сол жылдары Жаратқан қазақты үлкен қатерден сақтап қалған да болар. Ал бүгінгі сыртқы саяси жағдай ол кезеңмен салыстыруға келмейді — әлдеқайда күрделі әрі қауіпті.

Сол баптың болуына қарамастан, ана тіліміз 2011-ден бері өте қарқынды дамығанына оған ес білгелі қызмет етіп келе жатқан мен де, өзіңіз де куәсіз.

Саясатта «политика — это искусство возможного» деген қағида бар. Яғни саясат таза идеал мен қалауға емес, нақты жағдайға, күштердің арақатынасына әрі қолда бар ресурстарға сүйенеді. Біз дәл қазір саяси реалист болуымыз қажет.

Жуырда Давоста сөйлеген әлемдік көшбасшылардың сөздеріне құлақ түрсеңіз, көп ой түюге болады. Экономикасы аса дамыған, НАТО-ға мүше Канада премьер-министрінің өзі елін тек «орта державалар» қатарына қосып, ірі державалардан туындайтын қатерге толық тойтарыс бере алмайтынын ашық мойындады. Ал Қазақстанның әлеуеті қай деңгейде екенін айтпасам да, өзіңіз бағамдай аласыз. Саяси реалист болайық.

Соған қарамастан, қазіргі сыртқы қысым жағдайында да Конституцияда ұлттық мүддеге жұмыс істейтін тұстардың күшейгенін атап өткен жөн. Соның бірі — Конституцияның преамбуласы.

Қазір қолданыстағы Атазаңда преамбула декларативтік сипатта, ұлттық мазмұн толық ашылмаған. Ал ұсынылып жатқан жаңа жобада тарихи сабақтастық айқындалып, қазақ мемлекеттілігінің тамыры тарих қойнауына терең кететіні нақты шегелеп жазылған. Бұл — сырттан төніп тұрған қауіп-қатер алдында маңызды саяси әрі символдық қорған. Мұның өзін қосу оңай бола қоймады деп ойлаймын.

Осыны да түсінейік әрі бағалай білейік, ағайын”, - деп жазды баспагер.