"Тілім деп төрағама жақпай қалдым": Жазушы Елдос Тоқтарбай Одақтан біржола кеткенін мәлімдеді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Елдом Тоқтарбай мәселенің мән-жайын өзінің желідегі парақшасында түсіндірді.

«ТІЛІМ!» ДЕП ТӨРАҒАМА ЖАҚПАЙ ҚАЛДЫМ

Құрметті Қазақ елі! Екі аптадай елден жырақ, сапарда жүргенімде, мені ҚЖО Төрағасы Мереке аға Құлкенов Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің төрағасы қызметінен ТІЛ туралы жазған жазбаларым үшін алып тастапты. Кеңестегі екі әріптесіме «Орнын босатсын!» деп әмір беріпті.

Бопты. Кетейік! Анығында, бұл — қоғамдық қызмет, яки бір тиын алмайтын ақысыз-пұлсыз жұмыс.

Менің көздегенім — қызмет емес еді, ұлттық балалар әдебиетінің беделін көтеріп, кеңес жұмысын жандандырып, бүкіл қазақ балалар жазушыларының жоқтаушысы, қорғаушысы болсам деген ақ ниетім ғана болған-тын. Бұл жолда алғашқы күннен-ақ барымды аямай, әлеуетім мен қабілетімді салып, кеңес жұмысын бес айда біраз жерге дейін жеткіздім.

Менің тәжірибелі менеджер екенім көзіқарақты жұртқа белгілі. Бұған дейін де бірталай қоғамдық қызмет арқылы талай шаруаның басын қайырып, тыңнан түрен салғанбыз. Мына жұмысқа да ынта-шынтаммен беріліп, қаншама мегажоба құрып, ұлтқа пайдалы әрі жемісті дүниелер жасамаққа кіріскенмін.

Жуырда жас ата-аналар мен бүлдіршіндерге арнап 24/7 тегін қызмет қылатын «ҚЖО Балалар әдебиеті» деген салалық үлкен әдеби сайт ашқалы жатқанымда… нақақтан-нақақ күйіп кеттім. Ойлап қарасам, Құдай, аруақ алдында арым да, жүзім де таза екен.

Менің менеджерлік қырым біраз кісіге ұнамаған болуы да мүмкін. Себебі — «Мына бала Одақ төрағасы» болғалы жүр деген сыпсың сөз тарағанын өзім де талай естігенмін. Бірақ сол қаңқу сөздің бірін де елемей, еңбектене беріппіз.

… Ана тілімнің тынысы тарылып жатқанда, ел тағдыры таразыға түскен шақта үн-түнсіз қалуды ар санадым. Менің ел алдында Елдос Тоқтарбай болып жүргенім әуелі — осы қазақ тілі мен қазақ деген қорғансыз халықтың арқасы еді! Тіл туралы айтқан, жазған пікірлерім үшін еш өкінбеймін! Иә, енді менің кітабым да шықпас, әдеби байқаулардан қағылармын, жобалардан сызылармын… «Ер жігіттің басына нелер келіп, не кетпес!» деп жұбанамыз.

Тілінің мүддесі тапталған жерде тақ үшін жанталасып, өлермендік таныту — сүйегіне Алаш рухы сіңген азаматқа жарасар қылық емес! Қайырлысы!

Өңір-өңірдегі балалар жазушылары, қадірлі әріптестерім, үміттеріңізді ақтай алмасам, ғафу етіңіздер! Бір Аллам өзі жар болсын!", - деп жазды ол.