Тілшілер Нұрлан Ноғаевтың қағаз кескімен түйткілі көп жерлерді аралап шықты


Әкімін көрмеген ел картон кескінге де қанағат қылды. Мәселелерін тура айтты, тіптен қауырт жұмыстан қолы тимес деп соңғы жаңалықтар басылған газеттерді қойнына қыстырды. Жастар осылайша облыс орталығының тең жартысын Нұрлан Ноғаевтың кескінімен аралап шықты. Тіпті тұрмысы төмен отбасылар мен Орал қаласындағы әкімнің аяғы тимеген жерлерге де бас сұқты. Бір қызығы өңірге 1 жарым жыл бұрын сайланған басшыны тұрғындардың көбі танымайды екен. 2012 жылдың қаңтарында Батыс Қазақстан облысы әкімінің қызметіне сайланғалы тілшілермен де кездесе бермейді екен. Дегенмен бүгінгі акция ортасынан үзілді, облыс басшысының қағаздағы бейнесін ұстау заңға қайшы деген тәртіп сақшылары ұйымдастырушыларды әкімшілік жауапқа тартпақ.