Айтыскер бұл туралы «The Эфир» бағдарламасында тележурналист Ләйлә Сұлтанқызымен сұхбат барысында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz.
Айнұр Тұрсынбаева әлеуметтік желіде сынап-мінеп отыратындарға таң қалады екен.
- Тиматилар (әлеуметтік желіге – ред.) бәленбай миллиондық көлікті салады. «Құтты болсын!» деп жатады, - дейді ақын. - Бізде пәленбай миллиондық көлік емес, 15 мың теңгенің... дұрыс тағамдануды салсаңыз, бітті ғой. «Осыны жазғанша ұялмайсың ба? Ел аштықта отыр» деген сияқты пікір жазады.
- Неліктен деп ойлайсың?
- Біздің қазақ қоғамы қашан да қанағатпен өмір сүрген. Мүмкін, сол қанағаттың азая бастағаны шығар. Дағдарыс, девальвция деп жатырмыз. Көп адамдар үйрене алмай жатқандығынан да шығар. Инстаграм, әлеуметтік желі дегендерден дамыған мемлекеттер баяғыда өтіп кетті ғой. Оларда қызығы басылды. Біз әлі қызығып жатырмыз. Әлі құмарымыз қанбай жатыр. Сіздің балаңыз болсын, менің балам болсын, ашығын айтайық, Әзілхан Нұршайықовты танымайды. Кітабын оқыса, оның миына кірмейді. «Қан мен терді» оқышы десең, қаны не, тері не екенін білгізе алмаймыз. Қаланың балаларында ғана емес, ауылдың балаларында да осы үрдіс қалыптасқан. Бұның аяғы не? Бұл – сауатсыздық.
- Бірақ олар кеше басқа әйгілі адамның не жазғанын жақсы біледі...
- Дженифер Лопестің қанша баласы бар, кімнен туды, бәрін біліп отыр, мысалы.
- Бұл неге әкеп соғуы мүмкін?
- Неге әкеп соғатынын болжап айта алмаймын. Бұл рухани жұтаңдану ғой. Бір жағынан қорқынышты сияқты маған. Өте қорқынышты. Өзімнің балаларым кітап ұстап оқыған кезде қуанып қаламын. Баяғыда біз кітап оқысақ: «Кітапқа қадалып, тірлік істемейсің» деп ұрсатын. Бізді кітаптан ажырата алмайтын. Қазіргі балалар кітап оқыса, бірден суретке түсіріп, инстаграмға салып жатады: «Менің балам кітап оқып жатыр. Біз кітап ұстадық» деген сияқты... Ол таң қалатын жағдай болып кетті.