Тимур Бекмамбетовтың сценарийлер байқауы басталды

Байқаудың басты мақсаты - дарынды және мақсатшыл жас режиссер, продюссер, сценаристерді тауып оларды оқыту, сондай-ақ Қазақстанның кино саласының дамуына дем беру болып табылады.

Байқау екінші рет халықаралық «Астана» экшн-фильмдер кинофестивалі аясында өтіп отыр. Ең үздік бес жоба шілде айының 1-і мен 5-і аралығында фестиваль кезінде көрсетілетін болады.

Ұйымдастырушылар байқауға өз жұмыстарын өткізу үшін қатысушыларға біраз жеңілдіктер қарастырған. Сценарийлерін өткізу үшін олар тек екі-ақ құжат толтырулары қажет. Алғашқы бетіне қысқаша өз еңбектерінің мазмұнын, ал келесі бетке өздері жайлы ақпарат беруі керек.

Байқауға бес ең үздік деген жұмыстар алынатын болады. Солардың бірі қазақстандық жеңімпаз болса, басқалары шетелден келіп түскен сұраныстар бойынша анықталады.

Жеңімпаз Тимур Бекмамбетовтың «Базелевс» компаниясымен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады.

«Қазір көптеген тың идеялар болуы мүмкін. Бірақ, жастар ол жайлы жиі айта бермейді. Бірі жазып, үйіне қойып қоюы мүмкін, бірі әлі шешімін таба алмай жүрген шығар. Міне, бүгін үлкен мүмкіндік туып отыр. Осы фестиваль аркылы көптеген жас дарындар өз туындыларын біздің электронды адресімізге жолдай алады. Кейін, жеңімпаз сценаристерге хабарласып, олармен бірге жұмыс істейтін боламыз. Авторлық құқықтарының да сақталуын қадағалаймыз. Қазақстандық қатысушыларға кино мектебін бітіргені туралы ешқандай арнайы құжат қажет етілмейді. Ал, басқа мемлекеттер үшін ол міндетті. Бұл қазақстандық кино саласын дамытудағы басты мақсаттардың бірі» - дейді халықаралық «Астана» экшн-фильмдер кинофестивалінің Бас директоры Ирен Ванидовская.