Осы орайда Қазақстан Елбасы: "ТМД қағазбасты органға айналып, нақты өмір сұраныстарынан алшақтап кеткен сансыз құжаттарға көмілген, икемсіз әрі бюрократ бірлестікке айналды",- деп атап көрсетті.
Н.Назарбаевтың пікірінше, "соңғы уақытта ТМД экономикалық сотының атына да көптеген әділетті сындар айтылып жүр . Құрылғалы 10 жылдың жүзін көрген бұл сот осы мерзімде небәрі 62 іс қараған. Сот шешімдері көбінесе нұсқау сипатында , деді ҚР Елбасы.
"Салалық ынтымақтастық органдары да өздеріне тиесілі міндеттерін орындай алмай отыр",- дейді президент. "ТМД аясында бір-бірін қайталайтын 70 орган құрылған". "Ал ТМД органдарының жұмыс істеуі біздің елдер үшін үлкен шығын. ТМД органдарының біріккен бюджетіне республикалар бөлген жарна көлемі 7 млн. долларды құрайды",- деді Н.Назарбаев. "ТМД Атқару комитетінің шенеуніктері пайдасы күмән тудыратын қымбат шетелдік іссапарларға көп шығатын болды". Сол себепті Н.Назарбаевтың пікірінше, "осындай бюрократиялық балласттан ерте бастан құтылу керек".
Қазақстан Елбасы ТМД-ны жаңалау тұрғысында мынадай шараларды ұсынды : сыртқы істер министрлері, қауіпсіздік кеңесінің хатшылары, қорғаныс министрлері, шекара қызметі мен құқық қорғау органдарының жетекшілерінен құралған қауіпсіздік кеңесін құру; атқарушы орган функцияларын лаңкестікее қарсы күрес орталығы мен ТМД Атқару комитетіне жүктеу.
Осыған сәйкес қорғаныс министрлерінің кеңесі, қорғаныс министрлері кеңесінің хатшылығы, әскери ынтымақтастықты үйлестіру штабы мен тиісті кеңестер таратылады деген сөз. Сондай-ақ, экономикалық сот пен мемлекетаралық статистикалық комитетті таратып, олардың функциясын ТМД Атқару комитетіне тапсыру қажет. ТМД Атқару комитетінің құрылымын қайтадан қарап, қызметкерлерінің санын 140 адамға дейін қысқартқан жөн. Бұған қоса Қауіпсіздік кеңесі мен ТМД экономикалық кеңесінің жанында мемлекет басшылары тағайындайтын елшілер деңгейінде толық құқылы өкілдер кеңесін құру ұсынылып отыр. Ал экономикалық кеңестің жанындағы тұрақты өкілдер институты таратылады. Н.Назарбаев ТМД аясындағы түрлі органдар мен кеңестерді жоюды ұсынды.
Қазақстан президенті "сыртқы істер министрлеріне ТМД органдарын жаңалау жөніндегі құжаттар жобасын дайындауға" тапсырма беруді ұсынды. Олар алдағы саммитте қаралуы тиіс. Бұл мәселенің маңызын ескерген Елбасының пайымдауынша, "құжаттар дайын болған сәтте ТМД-нің кезектен тыс саммитін шақыру дұрыс".