Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Кеңес мүшелерінің кездесуі барысында Достастық мемлекеттерінің теміржол әкімшіліктерін одан әрі интеграциялау мәселесі талқыланбақ.
Атап айтсақ, көлік қозғалысының жаңа кестесі, жүк поездары мен контейнерлі вагондарды қалыптастыру жоспары, халықаралық бағыттардағы вагондар легін реттеудің 2003-2004-жылғы тәртібі бекітіледі.
Сондай-ақ, 2003-жылы жүргізілген ТМД теміржолдарындағы жүк вагондары санағының қорытындысы да қаралмақ. Вагон паркін түгендеу және бақылаудың автоматтандырылған жүйесінің жобасы мен төтенше жағдайлардың залал-зардабын жоюдың біріккен тәртібі бекітіліп, мемлекетаралық теміржол өткелектерінің жұмысы сарапталады.
Отырыста сондай-ақ, халықаралық жолаушы тасымалдайтын отарбаларға "Фирмалық" деген категория берудің ортақ тәртіп-ережелері , "Фирмалық поездар туралы" тәртіпке өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселесі, жолсеріктерді аттестациялау тәртібі мен халықаралық категориялы отарбалардағы шуыл мен жарық деңгейін міндетті түрде тексеру ережесі қаралады деп күтілуде.
Кеңеске қатысушылардың мәліметіне жүгінсек, 2003-жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша ТМД теміржолдарында жаппай тасымал көлемі ұлғайып келеді. Мәселен, ҚТЖ 2003-жылдың мамырында өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда тасымал мөлшерін 17 процентке арттырған. Транзиттік тасымал көлемі 20 процентке артқан.
Жалпы алғанда ТМД теміржолдарындағы осы кезеңдегі жүк тасымалдау көлемі 581 миллион тоннаны құрады, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 8,5 процент артық.
Болжам бойынша 2003-жылы тасымал көлемі шамамен 20 процентті құрауы тиіс.
Теміржол әкімшіліктерінің жұмыс көрсеткіштері де біршама жақсарды.
Атап айтсақ, жүк тасымалына конвенциялық тыйым салу саны мен мерзімі қысқарып, вагондар мен контейнерлердің орташа айналымы азайды. Жолаушы тасымалдаушы отарбалардың қозғалыс кестесінің орындалу деңгейі 98,7-99,7 процентті құрады.