ТМД елдерінің қорғаныс министрлері әскери-техникалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Баспасөз қызметінің берген ақпаратына сәйкес, бүгін Мәскеуде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрлерінің кеңесінің отырысы болып өтті. Оған Қазақстан Республикасынан Қорғаныс министрі Даниал Ахметовтың жетекшілігімен әскери делегация қатысты. Отырыс барысында әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық мәселелері сөз болды.

Кездесулер шеңберінде Д. Ахметов ТМД елдерінің қораныс министрлерімен ой бөлісті. "Кездесу кезінде ең жоғарғы халықаралық стандарттарға сай келетін, күш пен құралдардың жылдам өрістеуін іске асыра алатын Қазақстанның кәсіби армиясын құрудың маңызды мәселелері туралы сөз қозғалды", - деп атап көрсетті баспасөз қызметі.

Негізінен, қорғаныс мекемелерінің министрлері ТМД-ға мүше мемлекеттердің 2010 жылға дейінгі әскери ынтымақтастығы туралы тұжырымдамасын жүзеге асыруды және әскери нысандағы бірыңғай геоақпаратық жүйені жасау жөніндегі ТМД мүше мемлекеттерінің қарулы күштерінің топографиялық қызметтерінің жұмысын талқылады. Сонымен қатар, бірлескен (біріккен) байланыс жүйесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, 2009 жылға дейінгі әскери ынтымақтастықты ақпаратпен қамтамасыз ету жөнінде қорғаныс министрлігінің органдарының өзара іс-қимылдарының жоспары талқыланды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті