РФ есеп палатасы төрағасының хабарлауынша, халықаралық жоғарғы қаржылық бақылау органдары ұйымының (INTOSAI) бұған дейінгі конгрессінде Ресей өз тарапынан "қаржылық бақылау құрылымдары қаржыландыру саласы бойынша лаңкестікке қарсы күреске үлес қоссын" деген ұсыныс білдірген. С.Степашиннің хабарлауынша, INTOSAI басқарушылар кеңесінің шешімімен жоғарғы қаржылық бақылау органдарының лаңкестікке қарсы күрес саласындағы іс-қызметі туралы ұсыныстар дайындаушы жұмыс тобы құрылған. РФ есеп палатасының төрағасы "бұл бастама биылғы қазан айында өтетін ТМД мемлекет басшыларының саммитінде қолдау табады" дегенге сенім білдірді.
С.Степашиннің айтуынша, бұл мәселе бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу барысында да талқыланды.
РФ есеп палатасы төрағасының пайымдауынша, қаржылық бақылау органдары бюджет арқылы лаңкестікті қаржыландыруға және харам ақшаны ақтап алуға қарсы күресте "өзара ақпарат алмаса алады және ТМД елдерінде түгелдей дерлік жұмыс істейтін қаржылық барлау қызметтері арасында бірлескен операциялар өткізуге мүмкіндігі бар". С.Степашиннің хабарлауынша, ТМД елдерінің өкілдері "Ресейдің бұл бастамасына қолдау білдіріп те үлгерді". Сөйтіп, бұл мәселе бойынша біз "бұрынғы бүкіл кеңестік кеңістік аясында етене жақын жұмыс істей аламыз",- деді ол.