ТМД миссиясы сайлау алдындағы науқанға жүргізілген мониторинг қорытындысын 20-қарашадан кейін жария етеді

Штаб басшысының айтуынша, қазір Қазақстанда миссияның 42 бақылаушысы ұзақ мерзімді жұмыс істеуде. "Ертең немесе бүрсігүні біздің өкілдер жергілікті жерлерде жұмыс істеу үшін Алматы, Шымкент, Өскемен, Қарағанды және Қостанайға жол жүреді",- деді Е.Слобода.

Оның айтуынша, ТМД миссиясынан 400-дей бақылаушы қатысады деп межеленген. "Сайлаудан 2-3 күн бұрын 300-дей адамнан құралған негізгі топ елге келіп, бірден облыстарға беттейді",- деді ол.
Миссия штабы жетекшісінің айтуынша, сайлауға бақылаушылық жасауға шекаралық аймақтардың өкілдері келеді. Мәселен, Шымкентке Қырғызстандық, Қазақстанның солтүстік өңірлеріне Ресейлік, ал Ақтауға Әзербайжандық сарапшылар келмекші.
"Мониторинг нәтижесіне қатысты барлық мәліметтер аймақтардан орталық штабқа жолданып жинақталады. Соның негізінде миссияның қорытынды мәлімдемесі дайындалады. Ол қалыптасқан ережеге сәйкес сайлаудың ертеңгі күні жария етіледі",- деді Е.Слобода.
Ол сонымен бірге ТМД елдерінің бақылаушылары миссиясы жергілікті бақылаушылармен, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымы мен БАҚ өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істейтін болады деп мәлімдеді.