Астанадағы «Қазақстан» концерт залында өткен кештің шымылдығы Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен ашылды. Оны «Серпер» ансамблінің 50 домбырашысы үлкен шеберлікпен орындап шықты. Осыдан кейін Тәжікстан, Қырғызстан, Армения, Беларусь, Түркіменстан, Өзбекстан, Ресей, Әзірбайжан, Молдова мен Украинаның өнер ұжымдары ән шырқап, би биледі. Қазақстандықтар да өз өнерлерін ортаға салды. Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының балет труппасы Нұрғиса Тілендиветің «Аса таяқ» пен «Қыпшақ» биін орындаса, «Тұран» ансамблі «Қазақ елі» композициясымен көрермен қауымның көңілінен шықты. Жетігенші қыз балалар ансамблімен сахнаға шыққан Қарақат Әбілдина да жиналған жұрттың зор ықыласына бөленді.
«Астана - достастықтың мәдени астанасы» ұранымен өткен ТМД елдері өнер шеберлерінің концерті Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның орындауындағы «Ақордам - Астанам» атты ән-шашумен аяқталды. Осы кезде барлық он бір елдің шығармашылық ұжымдары сахнаға шығып, қазақ елінің кеңпейілділігін тағы бір мәрте паш етті.